Өлеңдер ✍️
60-ҚА ОДА
Азайып бара жатыр қуат-күшім,
Әжімнен көрінбейді анық пішін.
Осынша құным кеміп кеткеніне
60- ау, өзің ғана айыптысың!
60-ау, мен өзіңнен аса алам ба,
Құлыбын 70 жастың аша алам ба?!
Еңбектеп, қалт-құлт етіп, жас баладай
Қаз тұрып, 80 жаста жасарам ба?!
Қашаған 80 жаста «айһайлаған»,
Есболай 103-інде қартаймаған.
Жетпей-ақ 50 жасқа таяқ ұстап,
Жүре алмай Мәкең байғұс қалтаңдаған.
Қартаю уақытпен өлшенбейді,
Біреулер 70-те «ойнап-күлсем» дейді.
Кейбіреу мағынасыз күн жоғалтып,
«Жер басып, аман-есен жүрсем» дейді.
Өмірге адам – қонақ келер-кетер,
Жұп тауып, бірін-бірі сүйеп өтер.
Біреулер мұқалмайтын күш-қайратын,
Біреулер ағаш балдақ тірек етер.
Әр жастың салмағы мен алмағы бар,
Ол жайын айтып кеткен алдағылар.
Әу бастан жер бетінде тірлік еткен,
Алысып аңқаулар мен айлалылар.
Мақлұқат бір-біріне кері болған,
Бірі ұсақ, бірі үлкен, ірі болған.
Тарих – алыс-жұлыс, қатыгездік,
Әлсіздер күштілердің жемі болған.
Бір жаста жер басуға тиістісің,
Екі-үште тілің тәтті, сүйіктісің.
Төрт жас пен жеті жастың арасында
«Қайтпаған жаудан беті» жүректісің.
Он жаста ойнап жүріп, ойланасың,
Он бесте оңнан-солдан жол қарайсың.
Жиырмада жанарыңа жалын ойнап,
Бой сылап, қыз-жігіт боп қылаңдайсың.
Серілік басталады жиырма бесте,
Шығасың таңғажайып бір белеске.
Қалады «махаббаттың жазы» болып,
Құрбымен ойнап-күлген күндер есте.
Отызда әуре-сарсаң күйге енесің,
Жар таңдау ісін толық меңгересің.
Жанұя қамы менен дос-жарды ойлап,
Күн-түнді екеуіне тең бөлесің.
Қырықта жора-жолдас көбейеді,
Өзінше әркім көзге еленеді.
Біреуі ерте үй болып, ақар-шақар,
Жатады ата-әже боп, немерелі.
Елуде алды-артыңа елеңдейсің,
Қатарың азайғанда еленбейсің.
Егделік, еріншектік еркіңді алып,
Өзіңе желі тартып, көгендейсің.
Алпыста абайлайсың, аңдап басып,
Ойлайсың өткен күнді ұйқы қашып.
Қарайлап ұл-қызыңның қабағына,
Жүресің кейде ашық, кейде жасып.
Жетпісті біле алмадым, жеткенім жоқ,
Бір қадам қалды, арада өткелім жоқ.
Болыпты немерелі-шөберелі,
Байқаймын, жетпіс жасқа өкпелі жоқ…
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇