Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  80


Автор: Рахат Қосбармақ

ДАТ

(Есенғали Раушановқа)
Айтулы жүйрік сен едің,
Алдыңа қара салмаған.
Берешек күннің дерегін
Беткейде тұрып барлаған.
Сезімі терең сен едің –
«Саяз ғой» деп, шалшыққа қайық салмаған.
Келешек күннің керегін
Қараңғыда қара көзбен қармаған.
«Неге мына шалқаясың, заман?!» деп,
Қыр көрсеттің қияға туың шырқарда.
Етегіңнен ұстап, еруге біздер жарар ма ек,
Бұлағайдың күні бұрқарда?!
Шынымен сізді жалықтырмай ма сүрең із?!
Тастамай, алып шығарсыз бізді тамұқтан –
Жасанған жауға қалдырып кетпесіңді білеміз,
«Қалып қоямыз ба» деген қауіп бар.
Қаршыға қияр қарақұстың қанатын,
Қайсың бар қарсы төтеп берер қарқынға?!
Ұмытпағайсың –
Ұран отын жағатын
Ұрпақтар барын артыңда.
Қара қойдай қаптай өрген «Шәйт!» десе,
Қалың едік – аршып біте алмайтын ақ алмас.
Жаман ініңді ерте кет, аға,
Әйтпесе,
«Жалғыз шауып, жау алмас»...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу