Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  97


Автор: Ғали Орманов

Аралай берсем өлкемді...

Аралай берсем өлкемді,
Көремін қызық қилы өмір;
Байыған жердей көктемгі
Баулиды мені күллі өңір.
Қараймын соған көз алмай,
Жаным бір əсер алсын деп.
Қағазға тізіп жазғандай,
Жадымда қалсын бар сурет.
Өмірде көзім көргенді
Көңілім көре біл сен де.
Тербетсін тынбай сол мені,
Тобында кімнің жүрсем де.
Соларды кенет ұмытып,
Келмейін нейбет үйіме.
Жанымды оты жылытып,
Жарыса кірсін дүние.
Тұншығып солар кеудемде,
Қалмасын жатып тым-тырыс.
Қондырып түгел өлеңге.
Алайын бірге мен тыныс.
Жаңа бір жырдың жазбаған
Желісін күнде жалғайын.
Өмірдің отын маздаған
Сезейін содан əрдайым




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу