Өлеңдер ✍️

  28.06.2022
  92


Автор: Марфуға Айтқожина

ЖАПЫРАҚТАР ЖАУДЫРАП...

Алтын өрнек күз келді күбірлесіп,
Жатты үлкендер, бұл да бір ғұмыр десіп
Төрт мезгілдің бəрін де бірдей көрген,
Тербетілген –
Жер-Ана,
Жұмыр бесік!
Жайма шуақ қоңыр күз шашып нұрын,
Толқытады сезімді ашық бір үн.
Самал ессе, сəл ғана
Сағағынан,
Жаудырады жапырақтар, ғашық сырын.
Жұпар иіс жапқандай алма бағын,
Алма бақтан жетеді, салған əнің.
Табиғаттың күзі де ойлы келер,
Самалы соқты үзілмей
Сары даланың...
Дүбірлетіп дүниені желпіп жеткен,
Кеткені ме алыстап,
Көкшіл көктем?!.
Қоңыр күздің көктеммен орны ауысты,
Айта алмаймын жүгі оның
Жеңіл, – деп мен
Қоңыр күзім тұрғанда шуақ төгіп,
Ол да маған жатқандай қуат беріп.
Көк тырналар барады,
Көк жүзінде,
Көңілді көктемменен шұбап келіп.
Əндері-ай, əуелеген тырналардың,
Үнімен ақындардың нұрланар мың.
Өмірден тырналардай қайтқан күні,
Жыр өлкемде,
Жыр болып,
Жырланармын!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу