Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  306


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Бокалды көтер, бауырым,

Бокалды көтер, бауырым,
Шарапты сімір,
Таң қалма.
Көтердің жүктің ауырын,
Бағалап жатқан жан бар ма?
Күтейік күннің тəуірін,
Үмітті жалғап таңдарға…
Ысырып тағдыр табасын,
Тыным бер шыбын жаныңа.
Бойыңа дамыл тарасын,
Қосылсын барып қаныңа.
Қашанғы жұртта қаласың,
Көміліп көштің шаңына?!
Тыншысын ой да қинаған,
Күйзелген көңіл көншісін.
Кеудеңе сенің симаған,
Мұңың да алсын еншісін.
Дертіңе айыл жимаған,
Тек өзің ғана емшісің!
Басыңды көтер,
Жүнжіме,
Атады таңы шаттықтың.
Байыппен байлап түнді де,
Басайық біраз аптықты.
Күнəһар бола қоймаспыз,
Бір тербесек…
Мастықты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу