Өлеңдер ✍️

  29.05.2021
  147


Автор: Қадыр Мырза Әли

Ел және мен

Осы жерде тәңірменен теңелгем.
Осы жерде қуанышқа кенелгем.
Атомды да ажыратып аларсың,
Алайда сен бөле алмайсың мені елден!
Желтоқсанда аппақ қырау құрсанған,
Жаздыгүні жаңбырдан соң бусанған
Бөле алмайсың мені мына даладан —
Бөле алмайсың ақ селеуден,
Жусаннан!
Бөле алмайсың боранынан,
Құмынан.
Бөле алмайсың жалғызынан,
Мыңынан.
Бөле алмайсың ерлерінен,
Езінен,
Бөле алмайсың шаттығынан,
Мұңынан!
Осал болсам мен басқаның зорынан,
Оңашада отырып ап қорынам.
Бөле алмайсың мені Отанның бағынан,
Бөле алмайсың—•
Бағы түгіл —
Сорынан!
Тайса жігіт елге берген сертінен,
Ол күймейді,
Мен күйемін өртіне.
Бөле алмайсың арманынан бұл елдің,
Бөле алмайсың қасіреті,
Дертінен!
Қуат алып шуағынан,
Суынан,
Туған жердің теңізіне жуынам.
Бөле алмайсың гербісінен мені елдің,
Бөле алмайсың желбіреген туынан!
Алақанда әлдилеген Отаным,
Көмейімді күйдіреді от-әнім!
Бұл елге мен парыздар бір перзентпін
Қазақ деген боз інгенге ботамын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу