Өлеңдер ✍️
ЖЕЛТОҚСАН ЖЕЛІ ЫЗҒАРЛЫ
Бойыма ұрған сонау бір өткен түнгі ызғар,
Жасырып сырды төбеде тұрды жұлдыздар.
Ұлтыма деген аяныш мені кернеген,
Жазықсыз жапа шеккені сонда ұл-қыздар.
Бодандық елді бұғаулап талай қажытты,
Қасірет орнап, Алашым тағы қан жұтты.
Азаттық аңсап, еркіндігіне елімнің,
Тілеуін тілеп, арқалап жатты ар-жүкті.
Ел үшін шықты, елемей жастар суықты,
Халқымның жанын мұз қарып неге суытты?!
Еңіреп ана перзентін ойлап амалсыз,
Ботадай боздап, көз жасы бетін жуыпты.
Түнеріп бұлты дауылмен күннің күркірі,
Құйындай тулап, еріксіз жұртты сілкіді.
Ашынған жастар жиылып сонау алаңға,
Бостандық аңсап, түрпідей жаны үркіді.
Үстемдік ету қашырды күйді көңілден,
Жамылып қайғы, баз кешті мына өмірден.
Алаңдап жұртым ұрпағы үшін тайсалмай,
Уайымы артып, қарадай мұңға көмілген.
Қыршыннан кетті, Сабира, Ләззәт – аруым,
Кезенген, сірә, аяусыз тақап қаруын.
Намысы кернеп, тулаған қаны қазақтың,
Қайраттай ұлды жалмады шашып сан уын.
Қолдаған болар рухы бар елді Тәңірім,
Еркіндік туды, жүргізбес ешкім әмірін.
Азаттық алып, көк Туын көкке көтерді,
Еңсесін тіктеп, шуағын төкті таң нұрым.
Тәуелсіздіктің аштық біз бейбіт есігін,
Осылай қазақ тербетті бақыт бесігін.
Сыйлаған бізге тұғырлы елдің мекенін,
Ұмытпас мәңгі тарихта қалды есімің.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇