Өлеңдер ✍️
Ұйқы қашты...
Ойдан озбыр-шаншу жасап жаныға,
Азапты түн келді міне, тағы да.
Қара аспан тұр қара шәлі бүркеніп,
Сынық айды іліп алған қарына.
Күндер қайда құлын-тайдай жарысқан,
Доп қуалап, алысқан да табысқан,
Міншіл мұңым шошайтады саусағын,
Жұлдыздардай сығырайған алыстан.
Ұйқы қашты түгелдеумен көп істі,
Жайлауларды, өзен-көлді, өрісті.
Құлағыма дауылпаздың үні кеп,
Қамшылайды кеудемдегі намысты.
Қорқыт қарттан қалған бүкір нар қобыз,
Бүкірейіп айтады өмір жайлы аңыз.
"Түлкілердің" көру үшін шын кейпін,
Молаларға көз жүгіртіп байқаңыз...
Тау да, тас та, серік емес орман да,
Атап-түстеп қоса алмайсың арманға.
Мәңгілікке тұрағың ғой қара жер,
Бұл жалғаннан қайтар қажып талғанда.
Қол ұстасқан ағың да бар, қараң бар,
Бәріңнің де алатын сый, жазаң бар.
Топырақты саудаға сап - күнә артпа,
Тозаңға да таласпаңдар, адамдар!
Өлсең өзің сол тозаңсың - біл мұны,
Жарық күннің уақытша тұрғыны!
Пана берді Тәңір саған саялы,
Сана берді сөз айтсын деп үлгілі.
Қайран бабам ұлысым деп, түн қатқан,
Кісілікті қалай дәлдеп құнды айтқан.
Асау жылдар, жабырқатса, шаршатса,
Қос ішекті тебірене жырлатқан.
Міне, солай, артта қалған ғасырлар,
Ғасырларда естен кетпес тасыр бар...
Табынамын мен сендердің рухыңа,
Соңдарында ізі қалған асылдар!
Оралбек Бек
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇