Өлеңдер ✍️
ОРАЛАЙЫҚ ҒАШЫҚТАРДЫҢ БАҒЫНА
Ғашық едім мен саған, білесің бе?
Баяғыдай әлі сол, күлесің бе!
Жапырақтай желге ұшқан сол сезімді,
Тастай алмай мен жүрмін күресінге.
Қарай алмай ұялып көздеріңе,
Белгі салып жүруші ем іздеріңе.
Өзіңді ойлап берілген тәтті мұңға,
Ұяңдықты мендегі, сезбедің бе?
Ол кезде жас жүрегім қорқақ еді,
"Сүйем" деп те айтуға шорқақ еді.
Қазір, міне, қайтуға сол күндерге,
Шалғайымнан шабытым тарта берді.
Екі айрылып жолымыз кетсе дағы,
Кеудеміздің сау тұр ғой өкпе жағы.
Махаббаттың жылуын жұта-жұта,
Таудан сырғып түспей ме ақпа қары.
Жетпей тұрған нәрсе ғой сол баяғы,
Сәттердің де құлағы қалқаяды.
Қызыл күн де аспанды қимай-қимай,
Көкжиекке уақытша жантаяды.
Жас жүректер үнсіз-ақ тілдеседі,
Қол ұстасып жанасып шөлдеседі.
Шоққа тастап кетпедің сен де мені
Отқа тастап кетпедім мен де сені.
Жанарың-ай кетпейтін естен сірә,
Таппаспыз да өмірлік көштен шүбә.
Өкінбейік кеш делік өткен күнге,
Ақиқатты жау емес, достан сұра.
ҚАЙЫРМАСЫ:
Марқа түкті әніміз,
Алтын асық сәніміз.
Марқа-марқа ән салсақ,
Табылмай ма дәріміз.
Жүректегі жараны,
Нәзік сезімді емдейді.
Іздеріңді құмдағы,
Менен басқа көрмейді.
Ғашықтардың бағына,
Оралайық қайтадан.
Айға жұлдыз жамырап,
Марқа-марқа айтады ән.
ОРАЛБЕК 'БЕК
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇