Өлеңдер ✍️

  20.11.2025
  107


Автор: Омархан Алтынбекұлы

Пенде ғұмыр

 


Қаталдау тағдыр, қоймайды мені сынауын,
Сынаққа мүмкін, керек те шығар, шыдауым.
Осылай бәлкім, қинайтын шығар пендесін,
Кигізіп жанға, қамыттың қара бұғауын.


Бітпесе екен,қалауым мақсат, арманға,
Лағынет айтсам,күпірлік болар жалғанға.
Пенделікпенен, ентелей алға ұмтылсам,
Сай болу үшін, адамдық деген талғамға.


Ойламап едім, таяққа қазір байланам,
Қараңғы түнек, болса да менің айналам.
Жазатын кезде, жазуға мұрша бермеді,
Болсам да соқыр, көкірек ояу сайраған.


Күпірлік жасап, адамға адам сенбесе,
Сенім жоқ жерде, сезім де болмас, ендеше.
Қиындау болар, адасқан мына пендеге,
Алланың өзі, жүрекке иман бермесе.


Күтпеймін енді, тағдырдың қалған сынағын,
Бәріне шыдап, қасқайып қарсы тұрамын.
Жазуым керек, мүмкіндік болып тұрғанда.
Жазуым керек, сөнгенше соңғы шырағым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу