Өлеңдер ✍️

  27.02.2025
  154


Автор: Еркін Оралбайұлы

ӨЛЕҢ ЖАЗСАМ

 


 


Өлең жазсам іштегі шер шығады,


Шер адамды шықпаса кем қылады.


Тарқатайын шерімді өлең қылып,


Шарықташы шабытым келші тағы!


 


Өлең жазсам қаламын жеңілденіп,


Көтерілер көңілім сенім кіріп.


Шумақтарын өлеңнің тізбектейін,


Таспадайын бұзау тіс сегіз өріп.


 


Өлең жазсам көңілім көтерілер,


Найзағайдай жарқ етіп көкті тілер.


Өлеңменен іштегі сырың шығар,


Көңіліңе жадырап көктем кірер.


 


Өлең жазсам жүрегім тебіреніп,


Ұйқастарды өлеңге желім етіп.


Іштегі жыр шумағын жаза берем,


Тұрғанына тәубе деп демім жетіп.


 


Өлең жазсам сөздері мағыналы.


(Өлеңі ме ақынның малы, жаны?)


Қыл қаламды ұстамай, жазбай кетсем,


Жан дүнием өлеңді сағынады.


 


Еркін Оралбайұлы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу