Өлеңдер ✍️

  27.02.2025
  835


Автор: Еркін Оралбайұлы

ЖЕЛТОҚСАН ЖАҢҒЫРЫҒЫ

Кім ұмытар сол қыстың желтоқсанын,


Жастардың жұтқан қара жер жас қанын.


Тарих-дәптер бетіне өшпейтіндей,


Қанды әріппен жазылған шер қосқанын.


 


Бас көтеріп тек қазақ құл қауымнан,


Қорғанған жоқ қан төгіп құр жауынан.


Шығуына басқаға жол көрсетті,


Қанды шеңгел коммунист құрсауынан.


 


Бостандыққа оятқан үміттерін,


Большевиктің дәлелдеп күні өткенін.


Қазақ үшін желтоқсан қаралы күн,


Қан төгілсе, ұмытар кім өткенін.


 


Бұл орыстың қалмады қылмағаны,


Қылмақ болған жерімді құл алаңы.


Бетін ашар шындықтың әлі талай,


Жырға қосып ақынның қыл қаламы.


 


Алаш жұрты дақ кетпес кәрі өкпеңнен,


Қасіретті күндердің бәрі өткенмен.


Қазақ қанын көп төккен, совет елін,


Жүргендер бар әлі де дәріптеумен.


 


Мемлекет тәуелсіз құрдық жаңа,


Керегі енді салт-дәстүр құндық қана.


Әлі талай жалтақтап жылдар өтер,


Өшпейінше қазақтан құлдық сана.


 


Еркін Оралбайұлы 16.12.2018




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу