Өлеңдер ✍️

  24.02.2025
  103


Автор: Еркін Оралбайұлы

КЕШІККЕН СЕЗІМ

 


 


Арманым алыс,


Қалдым ба қалыс?


        Өмірдің мына көшінен,


Кешігіп келіп,


Уайымға жегіп,


        Тағдырдың салған өші ме?


Мезгілсіз келіп орынын алған төсімнен,


Қолым еш жетпес сезімді қалай өшірем.


 


Екі ұдай сезім,


Таусылып төзім,


        Тартысқа салып өмірді,


Қу жалған тағдыр,


Өш бардай, тақ бір,


        Қайғысын неге төндірді?


Кезімді жастық түсіріп менің есіме,


Нəзік бір сезім оралып келді несіне?


 


Тас болып қатқан,


Ұзақ жыл жатқан,


        Сезімді қайта оятқан,


Əр таңды атқан,


Ұйқыға батқан,


        Көңілді əнмен боятқан,


Алыста-алыс таулардан өткен қиялап,


Орныққан сезім жүрекке келіп ұялап.


 


Болсаң да жақын,


Күлімдеп жарқын,


        Жолымыз бөлек тартылған,


Қалмастай түгі,


Тағдырдың жүгі,


        Осылай бізге артылған,


Шешімін таппай беруге жауап сұраққа,


Өмірден əлде, кезекті келген сынақ па?


 


Ойыңнан шықпай,


Сырыңды ұқпай,


        Жүрмін бе əлде, адасып?


Сезім мен ұятым,


Жер таппай сыятын,


        Жүргендей кезек алдасып,    


Дəтім де бармай өмірді жаңа бастауға,


Бір шөкім етті жүректен кесіп тастауға.  


 


Еркін Оралбайұлы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу