Өлеңдер ✍️

  24.02.2025
  92


Автор: Еркін Оралбайұлы

ТЫРЫССАМДА

 


 


Күн күркіреп жауғандай тыныш таңда,


Жүрек сыздап сұққандай қылыш жанға.


Күндіз ойдан, түсімнен бір кетпейсің,


Ұмытуға қанша оқталып тырыссамда.


 


Іште сезім айналған от- алауға,


Бекінгендей өртемей тоқтамауға.


Сағынышым төзімді жеңе берді,


Тырыссамда жүректі ноқталауға.


 


Мына күндер өзіңсіз, мəнсіз бүгін,


Өмір маған сый қылған сəнсіз гүлін.


Өшіруге сезімді тырысқаным,


Емес пе екен бұл менің əлсіздігім?


 


Сағынышты түсінбес көп күтпеген,


Қу жаныңды езгілеп төрт бүктеген. 


Күрес деп, бақытыңды қолдан бермей,


Іште жүрек бұлқынып түртпектеген.


 


Көз алдымда өзіңмен өткен белең,


Естілгендей нәзік үн сөкпе деген.


Сағындым күміс күлкі, кейде ренжіп


Жас баладай жүзіңді өкпелеген.


 


Неге мұнша тағдырым өктем едің?


Жадыратып жаныма көктем ендің.


Тереңінен жүректің орын тепкен,


Сол бір жазда сезіммен өпкен лебің.


 


Еркін Оралбайұлы 18.07.2018




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу