Өлеңдер ✍️

  24.02.2025
  839


Автор: Еркін Оралбайұлы

ДОМБЫРА

Боз інгендей боздатып үн үрлеген,


Күй тыңдамай қазақта күн кірмеген.


Жүрегіне қазақтың рух берген,


Домбыраның дауысы күмбірлеген.


 


Кім таниды қазақты домбырасыз,


Қазақ үшін бұл ғасыр болды арсыз.


Бодан болып тіл, діні бөлек елге,


Дəстүрінен ажырап тоңды қарсыз.


 


Енді біліп жүрміз біз естеліктен,


Архивтерден назалы естіліп үн.


Коммунистер санаға құйып бақты,


Қалдығы деп домбыра ескіліктің.


 


Тиіскенді дін- ділге қас көр деген,


Болды ерлер сонда да тасы өрлеген.


Кеңес заңы қысса да болды жандар,


Домбыраны жан қиып қастерлеген.


 


Домбырамен қосылса əн əдемі,


Құлазыған жаныңның əн бір емі.


Париж төрін шулатқан домбырамен,


Білмейтіндер аз шығар Əмірені.


 


Міне қазақ таңы атты бақ өріле,


Еркін жортар күн туып ақ бөріге.


Қастерлейтін күн осы əрбір қазақ,


Іліп қойып домбыра қақ төріне.


 


Еркін Оралбайұлы 1.07.2018.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу