Өлеңдер ✍️

  23.02.2025
  103


Автор: Еркін Оралбайұлы

ӨЛЕҢ ЖАЗСАҢ

 


 


Өлең жазсаң əдемілеп кіріктіріп,


Əріптермен сөз ұйқасын біріктіріп.


Ақын деген асыл атқа қиянат қой,


Мағынасын жоғалтсаңыз біліп тұрып.


 


Рет-ретімен әр сөйлемді ұйқастырып,


Тілге жеңіл оқылардай құй тас қылып.


Шашыратып жібермегін өлең жолын,


Мағынасыз сөздерменен ұйқас қуып.


 


Аса қажет бұл өлеңге жинақылық,


Үйлестіргін əрбір сөзді, ширақ қылып.


Шумақтарда артық буын пайдаланба,


Өлең мəнін кетіреді шимақ, былық.


 


Маржан тастай әр сөзіңді қатар тізіп,


Дәмді болсын ой жемістей татар үзіп.


Терең ойла, арзан сөзге еліктеме,


Жүректегі сөз мəйегін қотар сүзіп.


 


Ыңғайлап ал өлең жолын түзеп, бұрып,


Мағыналы майда сөзбен ізет қылып.


Нақты сөйле, сөзді таңда жарасымды,


Біркелкілеп тай жалындай күзеп тұрып.


 


Шумақ болсын буын- бунақ үйлесімді,


Найзағайдай көкті тілген сөйле шынды.


"Көш те жүре түзеледі" деген сөз бар,


Қорытынды шығарып ал, түй де сынды.


 


Еркін Оралбайұлы 5.02.2018


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу