Бөлім: «Мақал-мәтелдер»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Ешкі мінген балаға
Есек мінген ерсі емес.
Қой семізі — қойшыдан.
Сылдырсыз аққан судан без.
От — арық, су — семіз.
Сын түзелмей, мін түзелмейді.
Орайы келген іс — оңай бітер.
Тойдың болғанынан,
Боладысы қызық.
Той тамағы — тәтті.
Тау мен тасты су бұзады,
Азаматты сөз бұзады.
Асу бермес асқар жоқ.
Асқар тау алыстан көрінеді.
Үй үйге сыймағанмен, ел елге сияды.
Үйінде озған түбінде озар.
Туған үйдің түтіні жылы,
Туған ананың күтімі жылы.
Үлкеннен үйрен, кішіге үйрет.
Ынтымақ бар жерде бақыт бар.
Атамекен аясы - адамның жан саясы.
Адам мен табиғаттың тілдескені - өмірдің үндескені.
Жақсы қонақ - құт, береке.
Адам арын ойлайды.
Ақыл көркі — тіл,
Тілдің көркі — сөз,
Адам көркі — жүз,
Жүздің көркі — көз.
Ақыл шыңы - даналық.
Обалды біліп өссең, сауапқа кенелесің.
Өзіңді танығың келсе, тегіңді біл.
Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт
Бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса
Он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас