Бөлім: «Мақал-мәтелдер»

   Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”).
   Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.).
Шалды шақыр, асыңа келсін,
Шалдығына күл, басыңа келсін.
Алтыға дейін бала ерке,
Алпыстан кейін шал ерке.
Жасында байқары жоқтың
Жасы жеткенде айтары жоқ.
Қартайдым деп, қайырма,
Жас бала бар артында,
Жалғызбын деп, қайырма
Жақсылар бар артында.
Ағайынның аты озғанша,
Ауылдастың тайы озсын.
Итің жақсы болса — ырысың,
Көршің жақсы болса — тынысың.
Ең дәмді деп татқаның –
Еңбегіңмен тапқаның.
Кәрінің бары — игі.
Жақсы адам қартайса,
Жазып қойған хаттай,
Жаман адам қартайса,
Бықсып жанған оттай.
Отырса — от басында
Көшсе — көш басында.
Сексенде сегіз байлық,
Сегіз жарлылық.
Есік алдында төбе болса,
Ерттеп қойған атпен тең.
Ауылыңда қария болса,
Жазып қойған хатпен тең.
Шөп те басынан қурайды.
Өсетін елдің қарты
Қазына болар.
Өспейтін елдің қарты
Қазымыр болар.
Өмір қартайса да,
Көңіл қартаймайды.
Асырын асаған,
Жасырын жасаған.
Кәрі жатса – қунайды,
Жас жүрсе – қунайды.
Елу шылбырдан алды,
Алпыс тізгіннен алды,
Жетпіс өре салды,
Сексен – тұсау салды,
Тоқсан – толқып қалды.
Ат қартайса – ұрыншақ,
Ер қартайса – жаңылшақ.
Сақалға ақ түсті –
Көңілге дақ түсті.
Көп жасаған
Құрдасынан айрылады.
Жұғымы жоқ –
Жолдасынан айрылады.
Атасыз үй – батасыз,
Анасыз үй – панасыз.
Сексен – жермен жексен.
Аға – бор,
Іні – тас.
Су ағады, тас қалады,
Кәрі кетеді, жас қалады.