АУРАСЫ АУЫР ОРТА: Мистика ма, шындық па?

Ашығын айтқанда, мен "аура, магия, ақ-қара энергия" немесе басқа да тылсым дүниелерге сене бермейтін рационалистпін.
Бірақ бір ауыз сөзсіз еңсеңді езетін ауыр атмосфераның бары — ақиқат. Ақиқат болғанда, әлдебір тылсым күш емес, адамның ішкі теріс ниетінің (түзету: конфликтінің) бейвербал сигналдар арқылы бетіне қалқып шығатын "көбігі" болады.
Қазақ «аттың сыры иесіне мәлім, жігіттің сыры бәріне мәлім» дейді.
Адам аузымен айтпаса да, оның ішкі көңіл сарайындағы кірбіңі немесе кертартпа ниеті қимыл-қозғалысынан, сөйлеу мәнерінен менмұндалап тұрады. Осы "ауырлықтың" төркінінде жатқан қылықтарға үңіліп көрелік:
1. Тікен тіл мен суық сыпайылық. Шымшып отыру, жөнсіз кекесін —«жылы сөйлеп, жыланша шағудың» заманауи түрі. Адамның әсіре сыпайылығы — сырт адамға «сен маған әлі жатсың» дегенді астарлап жеткізуге қажет шығар, алайда бұл жақындарыңның жанын оттай қариды.
2. Микромимика.
Сөз жүзінде саналы түрде «бәрі жақсы» дегенімен, ерін қымқыру не қабақтың түйілуі бар сырыңды ашып қояды. Миымыздағы айналы нейрондар бұл суықтықты лезде сезе қояды. Осыдан барып, ешқандай ұрыс болмаса да, екі адамның арасында «қырғи-қабақ соғыс» басталғандай әсер туады.
3. Құрбансу
Бұл — «көрсін, десін» дегендей ыдыс-аяқты сақылдатып жуу, есікті қатты жабу немесе ауыр күрсініп, бүкіл әлемнің тауқыметін арқалап жүргендей кейіп таныту. Мұндай адам айналасындағыларды тілсіз кінәлаудың шебері келеді.
4. Безірейген үнсіздік
Психологиялық тұрғыдан бұл — агрессияның ең ауыр түрі, өйткені ол қарсы тараптың «бар болу құқығын» жоққа шығарады. Сұраққа қысқа қайырып жауап қату/ елемей қою. Бұл — адамды тірідей жоққа шығару, оның қадірін көк тиын қылу. Осындай үнсіздік орнаған үйде ауа тарылып, еңсең езіледі.
5. «Миналы дала» әсері:
Бұл — бір адамның қабағына қарап, «көңіл-күйі қалай екен?» деп бүкіл отбасының жалтақтап күн кешуі. Ол адам ештеңе істемесе де, оның қатысуының өзі айналасын үркітіп, бүрістіріп, мазасын кетіреді.
6. Құнсыздандыру
Сіз бір нәрсеге қуанып немесе ренжіп келгенде, екінші адамның «оған бола сонша не болды?», «өзің де кінәлісің ғой» немесе жай ғана бетіне суық қарап, мән бермей қоюы. Бұл адамның эмоциясын құнсыздандырады, нәтижесінде үйде ештеңе айтқыңыз келмейтін, «аузыңызға құм құйылған» күй кешесіз.
7.Қос бүйірден қыспақтау.
Ауызша «мақұл» деп айтып, дене тілімен «жоқ» немесе «жек көремін» деп тұру. Мысалы, бір жерге баруға рұқсат сұрағанда: «Әрине, бара бер, мен осы жерде жалғыз ауырып отыра беремін» деп, мұңды жүзбен теріс қарап жатып алу. Адам екі оттың арасында қалады: барса — кінәлі, бармаса — еркі шектелген.
Міне, осының бәрі қосыла келе, үй ішінде ешқандай айқай-шу, қол көтеру болмаса да, адамды физикалық тұрғыдан қажытатын «ауыр аураны» қалыптастырады. Өйткені адамдар үнемі "қорғаныс" режимінде жүркге мәжбүр. Психологтар мұны "бейконгруеттілік" дейді. Сыртқы мен ішкінің сәйкеспеуі. Адам миы бұл сәйкессіздікті «қауіп» деп қабылдайды, бірақ нақты факт (айқай немесе ұрыс) болмағандықтан, ашық талқыланбағандықтан стресс іште қалады.
Кейде шаршағанда немесе тауым шағылғанда осы тізімдегі әрекеттердің біріне санасыз түрде бой алдырып қоямын.
Бірақ өз кемшілігіңді тану — түзелудің алғашқы баспалдағы. Осы механизмдерді ғылыми тұрғыдан түсіну маған өз мінез-құлқымды безбендеп, жақын адамдарыммен арадағы диалогты «улаудан» сақтануға көмектеседі.
Автор - Асқар Базарбай
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру