Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  496


Автор: Сағыныш Намазшамова

Періште емес, пендемін....

Періште емес, пендемін,
Өз жігерім сенгенім.
Ай мен Күндей ауысқан,
Жеңілгенім, жеңгенім.
Аң емеспін, адаммын,
Парқын білер бағамның.
Салмақ сала көрмегін,
Жанға батар жарам мың.
Көкте емеспін, жердемін,
Ұмтылмайды өрге кім?!
Айқайлайды алғаным,
Бұғып жатыр бергенім.
Жансыз емес, тірімін,
Ағамын да, інімін.
Тірлік үшін жортқан,
Жолаушының бірімін.
Кінәм да бар, күнәм ше?
Ар-ұятым ұраншы.
Аңдап басып жүрсем де,
Көңіл
-көзім кінәмшіл.
Жалғыз емес, көппін мен,
Қамал бұзам екпінмен.
Бар болған соң көсілем,
Жалт қарасаң ... жоқпын мен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу