Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  91


Автор: Мақпал Жұмабай

Жылдарға ұшып барам мен

Жылдарға ұшып барам мен,
Қатігез мына заманмен,
Күркіреп жатқан көкейде
Бір емес, мың-мың сауалмен.
Жылдарға ұшып барам мен,
Көктемдер, сені санаумен.
Арпалыстар мен ашуды
Жүрегім, саған қамаумен.
Жылдарға ұшып барам мен,
Шамдары жанған ғаламмен,
Алматым, Алатауыммен,
Азаттық келген алаңмен.
Жылдарға ұшып барам мен,
Адаммен, көп-көп адаммен.
О, менің әппақ жүрегім,
Сендегі титтей алаумен.
Жылдарға ұшып барам мен,
Жердегі барлық алаңмен,
Жұбатқан мұңды даланы
Қолдағы қайран қаламмен.
Қолдағы қайран қаламмен
Жылдарға ұшып барам мен!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу