Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  149


Автор: Төлеген Жанғалиев

Қарауылым, дара ауылым, даңқтым...

Қарауылым, дара ауылым, даңқтым,
Мен өзіңмен ай бетіндей жарықпын.
Ұшқын бердің оты лаулап жансын деп,
Жанбай, сөніп жатқан кезде сан ұшқын.
Лаулап жандым, сөнгенінше бар отым,
Жарығымнан қорқып қашты қара түн.
Жарқанат пен үкілерге қас болдым,
Жалпақ жұрттың алатұғын мазасын.
Ойды аралап, қырға түстім жарқылдап,
Жарығыма тас жіпсіді, тау тұрмақ.
Айналамды жарық қылып мен тұрсам,
Ай жүзінен арайланды алтын бақ.
Иә, солай Қарауылым қарт анам,
Той-қызығың болған емес тарқаған.
Мың-сан жұртты құшақ жая қарсы алып,
Мың-сан жұртқа орын бердің ортадан.
Менен ғұмыр барады өтіп, міне енді,
Менен балаң алар ертең жүгенді.
Бір ақынды бір ел сүйреп жүре алмас,
Ал, бір ақын мәңгі етеді бір елді!
Қонақтарға лық толып той-төбең,
Қонақтармен биіктейді мәртебең.
Қандай бақыт сенде туып, өскенім,
Сенде тумай қалсам егер қайтер ем!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу