Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  81


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ҮСТЕЛ

Бір үстел бар Жазушылар Одағында,
қойылмайды қағазың,
қаламың да,
жайылмайды дастарқан,
тағамың да,
отырмайды қалаулы қонағың да.
Ерте солған бәйшешек ерте көктеп,
өзегіңді қашан да өртеп өтпек,
сол үстелге сұлайды шалқасынан
қаламдоздар еліне еркелеп кеп,
гүлге оранып жатады шалқасынан,
Алатаудың аумай бір жартасынан,
оқырманмен қоштасар орыны сол
қаламдастың кеткенде ортасынан.
Бұ жалғанды жалғаған болашаққа,
сол бір үстел ұқсайды ағаш атқа,
қорамсақтан шыққандай әрбір ақын
аттанады ақырет-ғарасатқа.
Өмір деген сынаптай сырғанайды,
екі шоқып тағдырың бір қарайды,
қимасың мен сыйласың кетіп жатыр
сол үстелдің үсті бір құрғамайды.
Келер емес күндерім оралымға,
сол үстел тұр тоғыз жол торабында.
Бұлтарсаң да қай жаққа
бір барасың
сол жозыға Жазушылар Одағында...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу