Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  195


Автор: Ибрагим Иса

Құдық

Ертеректе қазылыпты, бұл құдық.
Шыңырауына талай сырды тұр бүгіп.
Қабырғасы ағаштармен өрілген.
Таспен түбі шегенделіп, бөлінген.
Тереңдігі жеті метр... сол шама,
Түбі анық көрініп тұр болса да.
Суы өзгеріп көрінеді тек қана,
Қара майдай қою, әрі қап-қара.
Шелегімді салып едім... өшті үні,
Шолп еткенін әрең-әрең естідім.
Қауғаменен алған суды бір көсіп,
Күн мен шөп те жатыр енді бірге ішіп.
Қою болмай шықты тіпті, құйсам-ай,
Кәусар екен мөлдірлігі шишадай,
Қап-қара деп айтқан сөзім қоспа екен.
Құдықтағы суым тіпті басқа екен.
Ойға кеттім. Бас көтерді қайдағы үн.
Кеудемдегі өз құдығымды ойладым.
Өзі сондай үлкен де емес болғасын,
Былай түйдім әлгі ойымның жалғасын:
Құлып салып қойсам қайтер дедім мен,
Басқа ешкім тимес үшін өзімнен.
Бір тамшыдан алып тұрам керекте,
Босқа шашып тұратындай себеп не?
Осы ойым дұрыс болды шынында,
Жұмсасам да жұмсамақпын сығымдап.
Аздап-аздап махаббатқа берем де,
Пайдаланам сосын аздап өлеңге.
Бұл құпия үмітімді ақтайды,
Кім біледі, мені жүз жыл сақтайды.
... Мына құдық та ертеректе қазылған,
Шыңырауына талай сырлар жазылған.
Қабырғасы ағаштармен өрілген,
Таспен түбі шегенделіп, бөлінген.
Қабырғасы бірақ шіри бастапты,
Көрдім және түбіндегі «қаспақты».
Ауыз жағын (құдық қалай сорлаған)
Өрмекшілер ұясымен торлаған.
Өрмекшінің быт-шыт қылып торларын,
Салдым ішке шелегімді қолдағы.
Су дегенім сұп-сұйық бір көгерген,
Иістенген бірдеңе екен, көнерген.
Қарауылды тауып алып тұрып мен:
– Бұл құдықты,– дедім, –неге шіріткен?
– Балам, –деді,– шірімесін қалай бұл.
Ешкім бұдан су алмаған талай жыл.
... Ол құдықтың жабылмайды бұлағы,
Халық ішіп тұрған кезде – ол тірі әлі.
Ұқтым, бәрін көкірегіме түсірдім,
Мен өмірдің ұлы заңын түсіндім:
Қай кеуденің жабылмаса бұлағы
Халық ішіп тұрған кезде – ол тірі әлі.
Жылтылдаған бір бұлағың болғасын,
Керек десең тіпті ол үлкен болмасын,
Сол бұлақтың бастауына «керек!» деп,
Құлып салма адамдардан бөлектеп.
Рухани байлық сынды қара, бұл,
Қайта соның тереңінен қана біл!
Сақтаймын деп өміріңнің күндерін
Сен өзіңмен босқа қуып жүрмегін
Шабытыңды және махаббатыңды,
Тереңнен тарт, өмір сонда татымды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу