Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  259


Автор: Ерлан Рымбек

Қиялымда күші бардай жүз аттың...

Қиялымда күші бардай жүз аттың,
Шырмауында сезім атты тұзақтың
Шоқ боп тұрған жүрегімді маздатып,
Сені ойлаумен жаттым, сәулем, ұзақ түн.
Түсінбедім сенің жұмбақ сырыңды,
Нетсем екен мынау сынақ-ғұмырды?..
Еш жасырмай айтшы сен маған бәрін,
Күнің қалай өтіп жатыр бүгінгі?
Төзгенмін, мен әлі де төзіп келем,
Қиындық қалды ма, енді кезікпеген.
Тағдырдың тар жолында жүк ауатын,
Күн боларын мен бұрын сезіп пе екем?..
Бақытты да шығарсың, бәлкім, енді,
Мен жұбанар сенен қандай қалды белгі?
Шынымен қадірсіз болғаны ма,
Берілген махаббаттың мәңгі серті?..
Бәрі де кеш, керегі жоқ ақталып,
Қызбалықпен бақты аяқпен таптадық.
Керегі жоқ, қайтеміз, өткен күннің
Жыртылған парақтарын ақтарып?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу