Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  274


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Есікті жаппа, апатай

Жан апа, шыңым – арман, қырымда – гүл,
Тек солар шақыратын бұрын да кіл.
Оралған мекеніне жыл құсындай
Мінеки, келіп тұрмын жылында бір.
Қуқыл өң, қашып кеткен шырай беттен,
Сен едің қуаныштан жылай жеткен.
Мен бірақ көп сөйлеспей,
«Шаршадым» деп,
Төріне туған үйдің құлай кеткем.
Тамшыны жанардағы жасырмақпын,
Көрмесін дедім барын шашымда ақтың.
Үн-түнсіз қолтаңбаң бар текеметке
Сағынған көкірегімді басып жаттым.
Бір кезде мені осы үйде дара бақтың,
Қайтейін, оралар ма ол ғаламат күн?!
«Құлыным көзін іліп алсыншы», – деп,
Есіктен жайлап шығып бара жаттың.
Келер деп дайындапсың дара бөлме,
Онсыз да рахат көп қой маған елде.
Ауылдың бар дауысын аңсап келдім,
Жан апа, есіктерді жаба көрме.
Болғанмен бесік жырың, бар қызығың,
Құлақта қалған алыс ол бір ызың.
Есікті жаппа, апатай, бұл тірліктің
Шуына бейімделіп болды қызың.
Әуреге түспе, оңаша баға алмассың,
Мұқалмай тұрмас жүзі ақ алмастың.
Сен мені бұл тірліктің дүрмегінен
Бәрібір оқшау сақтап қала алмассың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Мәстурә
Мәстурә 01.11.2023 11:53
Қымбатты Ақұштап апай! Сіздің өлеңдеріңізді жас кезімізден сүйіп оқитын оқырмандарыңыздың бірімін.Әсіресе осы "Есікті жаппа апатай"деген өлеңіңізді оқыған сайын өзімнің жастық шағым есіме түседі.Қайран анамды еске алып жылап аламын.Менің анам да мен демалысқа барғанда осылай бәйек болып,менің салқын бөлмеде демалғанымды қалап,дәмді тағамдарын әзірлеп,айналып-толғанып жүретін.Әрине,әрбір ана баласы үшін жанын қоярға жер таппайды.Бұл күнде тек сағынышпен еске аламын.Анашымның Жаны Жәннәттә шалқысын!Ақұштап апай,деніңізге саулық,амандық тілеймін!Алла өміріңізге береке берсін!Сізге деген құрметпен,Мәстурә сіңліңіз!

Пікір жазу