Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  151


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Бойжеткендер болашақ ғасырдағы...

Бойжеткендер болашақ ғасырдағы,
Сендер киер киімнің асыл бәрі.
Жұмбақ та жоқ сендер бас қатыратын
Тұр әлемнің бар сыры ашылғалы.
Мұңсыз өмір қашан да ұнар дәйім,
Қалағаның алдында тұрар дайын.
Өсиетін бабаның сол кезде де
Қастерлеңдер, сақтаңдар тұмардайын.
Таңданта алмас сендерді сан әншілік,
Пугачева модадан қалар шығып.
Ол кезде де әніңнің тақырыбы
Болу керек адам мен адамшылық.
Жолықсаңдар тағдырдың ызғарына,
Тілектеспін ел салтын бұзбауыңа.
Абай атты армандай ұл өсіріп,
Ат қойыңдар Тоғжан деп қыздарыңа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу