Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  202


Автор: Гүлбақыт Қасен

Сен

Жұлдызды түн, арайлы таңым да сен,
Жасыл әлем, гүл жұпар бағым да сен.
Жүрегімді нұрлы етіп жүрсең болды,
Жалғыздықты сездірмей жанымда сен.
Шаттық өмір, қуаныш, қайғым да сен,
Шалқар көлім, аққулы айдын да сен.
Шырағымды сөндірмей тұрсаң мәңгі,
Шабырқанып, мұңайып, қайғырмас ем.
Сұлу әнім, сұңғыла жырым да сен,
Сертім болған құпия, сырым да сен.
Сыналғанда төзімің берік болса,
Сайыпқыран тұлғадан бұғынбас ем.
***********
Күз де келді...
қоңыр тартты өмірім,
Жауып жатыр жапырақтар сары ала.
Балалық шақ қимасымдай көңілім,
Тырналарға қол бұлғайды бар бала.
Жапырақсыз ағаш қалды бақтарда,
Жастығымның желбіремей жалауы.
Сағынышпен өзің келер жақтарға,
Үкілі үміт...
жәутеңдейді жанарым.
Қимас сәтте армандардың бәрі ізгі,
Көңілім де күздей күрең тартады.
Көктем менің сағынышым тәрізді,
Гүлге ораған
Алатау мен Арқаны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу