Өлеңдер ✍️

  18.07.2021
  372


Автор: Бағлан Ерғали

Солып қапты қайран гүлдер

Қайда кетті кешегі сайран күндер?...
Сарғайып солып қапты қайран гүлдер.
Кеше ғана жайқалған боз далаға,
Күрең күздің кілемін жайған кімдер?

Жасыл көрпе оранған бөктер еді,
Тау бөктері кеудеме от береді.
Сайран құрған құстардың наз үнінен,
Қауыз жарып, бар маңай көктеп еді,

Алды келіп тіршілік тыныштығын,
Бұлт артына жасырып күн ыстығын.
Күзгі ескен самалдай жылуы жоқ,
Адамдар жүр жоғалтқан туыстығын.

Көңіл-күйін түсіріп теректердің,
Қыстың суық күнінен дерек бердің.
Күзгі бақтың ішінде, жеміс теріп,
Жеңгелер жүр асынған шелектерін.

Күз келгенде тіршілік жабығады,
Амалы жоқ, суыққа бағынады.
Дір-дір етіп бүріскен әнші құстар,
Ғажайып көктем айын сағынады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу