Өлеңдер ✍️

  03.05.2021
  310


Автор: Мұхтар Шаханов

Байқаймысың

Байқаймысың,
Байқаймысың
Мына ғажап тамашаны:
Бір адамға байланысты бір адамның болашағы.
Байыппенен көз жіберсең асау жылдар өрісіне,
Бір адамға байланысты бір адамның жеңісі де.
Бұл замани қағиданың мүмкін бе екен көнермегі,
Қозы Көрпеш аман тұрса, Баян сұлу өлер ме еді?
Исатайды жеңбесе жау, Махамбетті жеңер ме еді,
Қайран ақын тағдырының соққысына көнер ме еді?
Қайран ақын — сұңқар қиял, наркескен ол,батыл арман,
Исатайдан айрылғанда жер бауырлап жатып алған
Бұдан асқан қайғылы түн қонған емес басына оның,
Досы барда алшысынан тұрушы еді асығы оның.
О, сұмдық - ай,
Жаулық сезім парасатты паналапты,
Исатайдың өлімімен Махамбетті жаралапты...
Қадірлім - ау,
Көз жіберші асау жылдар өрісіне,
Бір адамға байланысты бір адамның жеңісі де.
Кейде мені мұқатпақ боп жаулар сені жамандайды,
Ал егер сен жамандалсаң бұл, әрине, маған қайғы.
Басымызға шиыр - шиыр күн туғанда құс таналы,
Кейде мені жеңу үшін жаулар саған күш салады.
Тайғақ өмір жолдарында сүрінгенде тірек алар,
Сүйенішім сен екенін айтпастан - ақ біледі олар.
Әлемнің бар ажарынан бізге достық сымбаттылау
Мен жадырап жүрсін десең, сен мықты бол,
Қымбаттым - ау.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу