Өлеңдер ✍️

  28.07.2026
  29


Автор: Жүсіп Қыдыров

Көктем келдi

Көктем келдi,
Өмiр келдi жерлерге жан баспаған,
Қанат бiттi қалықтар алғаш маған.
Күндiз-түнi тыңдаймын әндi аспаннан.
Көктедi қаулап көңiлiм,
Салтанатым, шеруiм.

Көктем келдi,
Жасаумен безендiрiп Күн даланы,
Махаббаттай алаулап гүл жанады.
Ынтығым бәйшешектей ырғалады,
Сен боп дiнiм, сенiмiм –
Салтанатым, шеруiм.

Көктем келдi,
Құлпырдым лебiзiңнен, әзiлiңнен,
Дүние жаралғандай нәзiк үннен.
Қара қас қарлығашым көзi күлген.
Таусылмас ұзақ өмiрiм,
Салтанатым, шеруiм.

Көктем келдi –
Сен келдiң!
Сағынысқан шағаладай
Қанат жайып мен ұштым саған қарай,
Қанат жайып сен ұштың маған қарай,
Сыйлаған маған сенi кiм,
Салтанатым, шеруiм?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу