Өлеңдер ✍️
ТЕРЕЗЕҢДЕГІ КҮН
Сауал:
Сырласу да бір мезгіл тірек пе еді,
Ерітеді қарды не жүректегі.
Таусылды ма, әңгіме айтылатын,
Ештеңеден хабарсыз құлақ тегі!
Жауап:
Жо... жоқ, ойбай, бұл тағы не дегенің,
Жүрміз, міне, ішінде бір кеменің.
Естілерді бұрыңғы еске тұтсаң,
Сұрағыңнан өзің де үркер едің.
Түйін:
Бір ауыз сөз айтайын ендеше мен,
Сен болмасаң бейтаныс кімге сенем.
Әзіл деп те болады қабылдауға,
Дегенім ғой көздерің гүлдесе екен...
О, сұлуым! Жата бер кербезденіп,
Көз жұмулы, көңіл мас - әр кезге... еніп.
Ұйқысырап түс көрген қандай шырын,
Соған толқып тұрмын-ау мен де өзгеріп.
Қалдыратын кеудеме жазып атын,
Көп қой деймін өзіңде қазына тым.
Ай астында көзді арбап ағараңдап,
Жұлдызқұрттай керіліп созылатын...
Ғашық жансың, білемін, әсемдікке,
Көңілің бар сыймайтын еш ендікке.
Қыздың жолы жіңішке десек дағы,
Ойларың бар бермейтін көсемдікке.
Терезеңнен күн түссін, оянарсың,
Айна алдына барарсың, боянарсың.
Таң шапағын жүзіңе тосып тұрған,
Мені көріп, бәрін де бағаларсың!
ОРАЛБЕК 'БЕК
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇