Өлеңдер ✍️
Болмас па, нәлет десең
Жылдар ма өтіп кеткен,
Сарғайтқан, сансыратқан.
Жүргендей күтіп көптен,
Сұрағын тамшылатқан.
Менде не қалды дейсің,
Тыңдайтын құлақ түріп.
Уақыттан жан жүдейтін,
Таппаймын тұрақтылық.
Қасқырдай қайсар едік,
Азуын қан тіктеген.
Болса да қанша желік,
Бәс тіккен, ар тікпеген.
Тұлпарды таңдап міндік,
Тұяғы тасты уатқан.
Жан едік жайғап тірлік,
Шынтаққа жастық атқан.
Дәстүрім қайда сонау,
Көргенде жау түңілген.
Қураған жылғасы анау,
Кеткелі қамшы өмірден.
Сананы сұмдар байлап,
Ылайлап жатып алды...
"Аспанды" жылан жайлап,
Қараша қапы қалды.
Өткінші жүрдек қайғы,
Сөз емес күн де мұңды.
Соқырлар армандайды,
Анасын бір көруді.
Ертеңгі таңың қандай,
Шарбыңды өксік жеді.
Тауаның шағылғандай
Сүйрейсің тек сүлдені!
Қаусаған қабырғаның,
Бәрін де алды сөгіп.
Күйзелткен жәбір жанын,
Қарттарың қалды шөгіп.
Жоқ енді бұл маңайда.
Ай қабақ, қайқы кірпік.
Шыдамай шырғалаңға,
Кетіпті салтың үркіп...
Осыған кінәліге,
Болмас па, нәлет десең.
Далбаса жүрегіңе,
Бәлкім сол көмектесер.
Оралбек Бек
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter