Өлеңдер ✍️
Заман
Бар болайық, ағайын, бай болайық,
Іс жасайық байсалды жанға лайық.
Бұрыңғылар атқарды өз міндетін,
Күн кешсін деп ұрпағым таңғажайып.
Абыз-ақ қой бабалар кемел жаны,
Өмір кезек, ретімен келер бәрі.
Қос ішекті домбыра күмбіріндей,
Жай сөз емес, жүрекке өлең дәрі!
Келешекке арнаймын ән-жырымды,
Масайратқан бүр жарған таңғы гүлді.
Қызыл, жасыл көктемгі байтағымдай,
Көрсетіп-ақ келемін әр қырымды.
Жауһар моншақ тығылған тереңінде,
Бәрі де бар байрақты өнерімде.
Аталы сөз құраған нар қазағым,
Баталы бол, ешқашан сөне білме!
Ұлықтадым халқыма жайсаңдықты,
Ерлік, сенім, батылдық, қайсарлықты.
Сырлы әлеммен тұтасып кеткен көңілім —
Көкірегім шертіп тұр күйсандықты.
Сызды құшып қалатын кей-кейде бір,
Бауырымды уыстап өртенгенім...
Ай жамалы секілді өз азабым,
Мұңым менен шерімді шертер керім.
Ақиықтай сермесем қанатымды,
Биік құштар арманым дара тұрды.
Қырық екі қаріпті көсілтетін,
Бар ғой қазақ жұртында сан ақылды.
Мөлдір көздей нәр алған күн нұрынан,
Үмітім бар сенімге тұндырылған.
Мендік сезім қуаты тасты жарған,
Тау жүлгесін таниды сыңғырынан.
Қуаныш-қайғы аралас ымырттардан,
Кезім де жоқ үріккен, тұрып қалған.
Кілтін тауып өткенмін талай-талай,
Есіктерден құпия құлыпталған.
Ақша бұлттай керілген кербез мүсін,
Уақыттың таппайсың көргендісін.
Қайда барсаң бұйыққан қара бөлме,
Айтарлықтай бұл заман өзгерді шын!
Оралбек Бек
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇