Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
17.06.2026
25
Замана циклы
КЕШЕ
Қарымы бар қалам көрген,
Кім ұқсатар жыр талғамын.
Түсіндің бе, бабаң берген,
Өсиеттің шын салмағын.
Қазақ деген сыншыл халық,
Көк желкеңнен танып қойған.
Ұнатпаған міншілді анық,
Айнымайтын арық қойдан.
Көп ішінде күншіл де бар,
Мұрынымен міңгірлейтін.
Пасық пиғыл кіршіл де бар,
Тырнақ астын үңгірлейтін...
Түн болмаса ай тумаған.
Ай туса да жай тумаған...
Айға қарап қол жайғаның,
Өнеге ғой айтылмаған.
Тауға қарап бас игенің,
Сол бабаңды еске алғаның.
Шыққан күнге бас игенің,
Ұлы анаңды еске алғаның.
Бөрі басты ту ұстадың,
Бөрідейін жортып жүріп.
Түгендедің ұлыс қамын,
Білек күшін сарқып тұрып...
Небір сойқан жауларыңа,
Ерлігің бар үрей болған.
Бір қарашы тауға мына,
Жерге шынтақ тірей қонған.
Сенің атаң, менің атам,
Дәл осылай шынтақтайтын.
Тәлім айтса кәміл айтар,
Бір сөзі жоқ құр мақтайтын.
Атаң солай жайғасқасын,
Ел еншісін нақтылаған.
Етектегі көк майсасын,
Төрт түлігің тартқылаған.
Суың бар-ды сылқылдаған,
Бойға қуат шақыратын,
Салтың бар-ды қырқылмаған,
Таңды тыныш атыратын.
Бауың бар-ды жеміс төккен,
Саясында бала аунаған.
Құлдыраңдап еңіс беттен,
Қозы-лақтар бері аунаған.
Көгің бар-ды шет-шегі жоқ,
Құс қанатын талдыратын.
Асу кештің өткелі көп,
Кісіні таң қалдыратын!..
Кең далаға сүргін қонып,
Соның бәрі құлду болып.
Қайда кетті аз-ақ жылда,
Қу құдай, бұл мазағың ба?!
БҮГІН
Неге, сонау, келелі ісің...
Бүгін басқа, байырғы емес.
Өзгертті ме күн өрісін,
Сәлемің де қайырлы емес!
Мына ғасыр - жаңа ғасыр,
Мына қазақ - жаңа қазақ.
Айта алмайсың балаңа сыр,
Бұл дегенің дара ғажап.
Бүлінгеннен бүлдіргі алып,
Кіл суайттар атқа қонды.
Қыл-мойнына шынжыр тағып,
Ел мүддесін жатқа берді.
Ата дәстүр ұмытылды,
Ана тілдің қауқары жоқ.
Тінтіп қуыс қуысыңды,
Төбеңе ніл шайқады кеп.
Қаусап түсті қабырғалар.
Жоқтағанның жағы күйреп,
Опырылды омыртқалар,
Жүректі ыза табы түйреп.
Мінбер алды қуыршақтар,
Сүрмеленген өлік көздер.
Сүргі көрген құйымшақтар,
Күркесі жоқ көбік сөздер.
Тыңдағандар жынды болды,
Бет терілер көнге ауысты.
Шақшабасқа ұңғы қонды,
Жонатұғын ар-намысты...
Әр істің бар ақ-қарасы
Ешкімнің де жоқ таласы.
Дей тұрса да мұның бәрі
"Жынбасының" масқарасы.
Отыз жылдай шашты бәрін,
Жындар құрған станоктар.
Өз халқының ащы зарын,
Бәске тігіп қызталақтар.
Кінәлі емес оған заман,
Мені тыңда, ей, адамдар!
Жан сарайы тазармаған,
Түсінігі шала жан бар.
Туған жерің - нағыз анаң,
Осы ғой ең керегің де.
Кімге керек қазына-мал,
Сыйласпасаң кемеліңде.
Жұртың бар ма, көр ойланып,
Судырлардан бөлек кет те.
Кетпе бірақ кері айналып,
Ескермеуге себеп көп пе?..
Мән бермесең оған да аса,
Қырсық деген оңай қонар.
Тағдырыңды жағаласа,
Бір айналса шыр айналар!
Оралбек Бек
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇