Өлеңдер ✍️

  15.06.2026
  56


Автор: Оралбек Бек

ТӨРТТАҒАНДАР (42)

 


Тіршілікті тастайтын матап барлық,
Надандыққа барар жол - тәкаппарлық.
Көңге баспен сүңгиді қара қоңыз,
Бұдан басқа теңеу жоқ сипаттарлық.
***
Әлем толы құпия біз білмейтін,
Білсем деген ойыңды тізгіндейтін.
Төрге шықты "жасанды" қуыршақтар,
Түршіктіріп жараңа тұзды үрлейтін...
***
Алла атынан ақтарған кіл "ғажапты",..
Сиқыршы ма, молда ма, кім жауапты.
...Енді қалай бағамыз бастан кеткен,
Әлімсақтан... мұсылман құл - қазақты.
***
Арың қайда, қазағым, намыс қайда,
Сөздің реті келді ме, қалыс қалма.
Жиған-терген білімің жауап берсін,
Тіл менен жақ қатысқан "сайыстарда".
***
Жарқыратып беретін миға жарық,
Ғылымда ғой, ғылымда, шын даналық!
Діншілдер де шығады "ғұлама" боп,
Жүре берсе қолына құмған алып.
***
Жұмақ қайда, қыл көпір, тозақ қайда,
Дін саудасы, әрине, ғажап сауда.
Айға барып келмеген есекпенен,
Қалай тапсын бұл істен қазақ пайда.
***
Бұғауды да көргенбіз сан ғасырлық,
Бұрауды да көргенбіз сан ғасырлық.
Не десең де қазақтың өр намысын,
Сақтап қалдық, иттіктен алшақ жүрдік.
***
Сүр боп жатқан ақылдың базарында,
Бұл қазағың күн сайын тазаруда!
Күдікке де орын жоқ жүрегінде,
Қос қанатын досына жазарында.
***
Болмасақ та қара үзген асқақ дарын,
Айбатымнан жау қашты тастап бәрін.
Сөйте тұра, келгенде сөздің реті,
Біреуге ақыл айтудан қашқақтадым,
***
Адалдық па керегі, жалған ат па,
Жағымпаздар жылжыды оң қанатқа.
Берген-ақ қой қу құдай ірілікті,
"Жарқабаққа" жабысқан жарқанатқа.
***
Жан бір бөлек дүние, тән бір бөлек,
Түн бір бөлек дүние, таң бір бөлек,
Мұндай күрмеу намазбен шешілмейді,
Бұл ғылымға бесаспап алғыр керек.
***
Өмір-өмір, өмір деп мәні кеткен...
Кейуананың ащы еді зары неткен. -
Дауысының сыздауын нетер едің,
Қызылшақа жүректі жарып өткен.
***
Өмір ғой бұл өтетін таласпенен,
Бәлкім мұнда жоқ шығар оғаш деген.
Не десең де талғамын жас буынның,
Түсінбейтін жандарды қораш көрем.
***
Көкте бұлттар сырғиды будақ-будақ,
Қан базарда жүргендей сырмақ пұлдап.
Таудан асып жөнелді бір парасы,
Өлеңімнен бір уыс шумақты ұрлап...
***
Асығыстап... қалмайтын дауға басы,
Бейбіт елге берекет көз қарасы.
Алп-алп басқан алпамыс аяқтарын,
Тауға қарап өседі тау баласы.
***
Мұңдасым да жоқ емес мұңдасатын,
Кірпіктегі тамшыдай ұйқы ашатын.
Сырласым да жоқ емес қол ұстасып,
Ай сәулесін жамылып қырды асатын.
***
Маңғаз ойдың тұрағы жазық маңдай,
Мәңгі өшпейтін әріппен жазылғандай.
Жазбадағы ой сөзге айналғанда,
Тілдің нәрін жүрекке тамызғандай.
***
Жалықпайтын ешқашан мұңдасуға,
Жететұғын "жыры"... бар жүз ғасырға...
Сорасы аққан мұрнынан сәмбі талдың,
Неге отырмыз, апыр-ау, біз қасында!..
***
Қара мақпал түн жауып терезеңді,
Күн де батты, сұрама, неге сөнді?..
Бой көрсеткен әр тұстан жұлдыздардың
Басталады мен білсем кеңесі енді.
***
Адамдар да не түрлі түс көреді,
"Қиғаш қастар" ұйқыңды үш бөледі...
Көктем иісін ұмытқан сумұрынға,
Мұндай түннің болмайды-ау еш керегі...
*** 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу