Өлеңдер ✍️
ТӨРТТАҒАНДАР (41)
Армысыз деп басынан бөркін де алып,
Амандасқан салтынан тұрсың танып.
Қарағым, бұл қазағың, кеудесі кең,
Болмысы асқақ, бөрідей еркін халық.
***
Құдайды да ұққаны жайша ғана,
Дініңе де қарайды сол шамада.
Ұстанымы қазақтың құлдық емес,
Тиіп кетпе шамына, байқа, бала!
***
Қонағына ұсынған азық-асын,
Көңілін айт, қысынан жазы басым.
Мәрттігін айт, қазақтың жайын құшақ,
Досқа тартқан қолда бар қазынасын.
***
Маңдай тері тамшылап жерге сіңген,
Қалқам, мұндай, шығарма, ерді есіңнен.
Өзі түгіл қазақтың төрт түлігі,
Ұлы дала төсінде кең көсілген.
***
Қоймасына миының арзан кеңес,
Тоғытпайтын бұл қазақ, аңғал да емес.
Несін айтам көңілшек мінезінің,
Жалған сөйлеп тұрсаң да жалған демес.
***
Селкеуі бар сөзге де сендің неше,
Бір "батырды" бір "батыр" жеңдім десе.
Атқа артып көр аяғын бұл қазақтың,
Қайраты мен шын кейпін көргің келсе!
***
Болса әлемде ақылдың шашпа кені,
Қазақ соның мерзімді баспагері.
Қара сөзден жүн түтіп, ою ойып,
Сөйлеудің де астарлап қас шебері?
***
Құс қуаты ұшатын қанатында,
Ерекше ғой қашаннан дара тұлға.
Жауға жібер қазақты найза беріп,
Малың менен дауыңды қоя тұр да!
***
Жортуылға ашқұрсақ бөрі бейім,
Көршісінің көрмейді ол... кәрі қойын.
Қанағатын табатын есендіктен,
Қазаққа да тән емес сарыуайым.
***
Үміт деген үзілмес күдеріңде,
Шегенделген кеудеңе жүрегің де.
Жаттап алшы, әй, қалқа, қазақ көркі,
Арулардың ақуыз білегінде.
***
Кезі де көп қинаған қорлық деген,
Итжеккеге айдалған жарлықпенен.
Келе берген бұл қазақ одан да аман,
Байлап алып бастарын таңғышпенен.
***
Неге жүрміз теңселіп бүгінгі күн.
Көріне ме, қарашы, күбің түбін.
Бір ұйықтаса қазекең сан жыл өтер,
Көзіндегі сүртеді іріңді кім?!
***
Жауға шапса бәрін де қырып келген,
Дабылдарын сарнатып ұрып көрген.
Тыңдай берсең қазақтың көпірмесін,
Мақтанға да кетеді-ау кіріп белден.
***
Қалың ойға сүңгісе дана сүңгір,
Таудай бұлттар жол таппай адасып жүр.
Бұны да айтқан сол қазақ, түн баласы,
Құс жолынан өретін жаңа шылбыр...
***
Азан-қазан ұлиды ұлы дала,
Қалатындай соңында күлі ғана.
Көрген түсін қазақтар жорытпайды,
Өзің ғана біліп жүр, мұны, бала!
***
Аман-есен жүрсің бе, кеспеңді ішіп,
Ісің қайда жоспарлап кескен пішіп.
Әй, қазағым, өлтірдің қанша күнді,
Жапырақтай талдардан түскен ұшып.
***
Уақыт та сол... жатпайды тармақталып,
Балық та емес, ұстайтын қармақ салып.
Мал екеш мал, жұтпай ма, құбырына,
Жылжып келген атауын толғап барып.
***
Тәтті үміттің құшағын сезінбейді,
Білгіш қазақ, мұны бір төзім дейді.
Ақыр соңы өшпестей өкіндіріп,
Көргіш көзге ештеңе көрінбейді.
***
Көрдім, білдім... - табақтай екі бетің,
Нақ көрсетіп тұратын өкілетін.
Жеме жемге келгенде дейді қазақ,
Мен мен емес, түгім жоқ өкінетін.
***
Жоғалтады уақыт достың бәрін,
Құмырсқаға өзің де ассың дайын.
Толғансаң да, сақтанып толған қазақ,
Ойлай берме қарақан бастың қамын.
***
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇