Өлеңдер ✍️
ТӨРТТАҒАНДАР (35)
Жалғандағы ең қымбаттым - төрт сөзім,
Дей алам ба, бұл ортадан тапты өзін.
Кейде маған аспан тұстан келеді,
Құпиясы жер бетінде жоқ сезім.
***
Көрмеп едім шашпа-төкпе суайтты,
Суайттар да кейде мені тыңайтты.
Қара гүлдер қара қанат қауызын,
Қараңғыда ашпайды деп кім айтты.
***
Қызыл гүлдер желбіреткен күлтесін,
Жағып тұр ғой көздерінің пілтесін.
Күн бұлттанса мінезі де бар оның,
Бұртиятын, шығаратын жұрт есін.
***
Өзі өлгенмен, гүл тамыры өлмейді,
Ол да ажалға өзін оңай бермейді. -
Саздау жердің нәрін сорып әп-сәтте,
Қайта түлеп қыраттарға өрлейді.
***
Мұңым менің! Сұлу едің сен неткен,
Қысқа өмірде бар байлығым қол жеткен.
Кетті батып ұясына қызыл көз,
тағы бір күн,
Көріктім-ау, төрлет, кел!
***
Мұңым менің! Көз қажет пе, көрмеген,
Сөз қажет пе, жетімекті жерлеген?
Ен даладан тұрақ таппай зырғитын,
Ебелектер не іздеп жүр мінбеден.
***
Мұңым менің! Жұлқылама жанымды,
Осы күйім өз басыма жағымды...
Жетесіздер жетіп жатыр онсыз да,
Бүлдіретін асылзада таңыңды.
***
Мұңым менің - аспандағы қиық ай,
Қиық айда кімге жетсін жылы жай...
Қырық құрақ қиындыдан құралған,
Бұл дәуреннің, бұл дәуреннің қиыны-ай!
***
Мұңым менің! Ешкім сені білмейді,
Қапы жалған қайта айналып келмейді.
Көкірегін ұрғыштаған пенделер,
Өліп кетсін айтқаныңа сенбейді.
***
Мұңым, менің! Мына заман қып-қызыл,
Жандықтардың қызыл тілі тіпті ұзын.
Көкжиекке күн батады қызарып,
Қазағыма келсін деумен құтты жыл.
***
Жанымды жеп жасын арман ұшқыны,
Ұшқынның да айтары бар тіпті ірі. -
Мұңым, менің! Қай кезде де ұмытпай,
Еске салып отырасың жұтты ұлы!
***
Дүние-боқ арбап тұр ма жалтылдап,
Ол да бір мұң! /Ессіз күлсең қарқылдап/.
Соны ескертіп бағдаршамы әлемнің,
Сары жағып қойған жоқ па айқындап.
***
Мұңым, менің! Оятасың ұйқымнан,
Бұйрық беріп тысқарылау ырқымнан.
Күпі киген арманымды қайтесің,
Зәбір көрген, етек, жеңі қырқылған.
***
Мұңым, менің! Жарығын бер таңдардың,
Көру үшін адамдар кім, "аңдар" кім!
Ақыл-есі /қара үңгір/ "хандардың",
Ауында жүр сауыс-сауыс шалбардың...
***
Мұңым, менің! Қалған ес ең бабамнан,
Қалған күй ең, жабырқаулау анамнан.
Ащылаған тілдей тілім-тілім боп,
Артық бір сөз айта алмадым шамамнан.
***
Мұңым, менің! Сөз өтеді сүйектен,
Ойшыл болсаң... жарыласың жүректен.
Неге-неге, шақалақтар жап-жарық,
Дүниеге келгенінде шыр еткен...
***
Бұл әлемді жап-жасыл деп түсіндік,
Алақаннан бақыт құсын ұшырдық.
Ендігің не, көлеңкедей көлбеңдеп,
Махаббаттың өзін отқа пісіртіп...
***
Мұңым, менің! Көтеретін бәрін де,
Қара жер ғой, бұл сөзімді кәміл де.
Маңдайыңа күннен шуақ алғандай,
Күнде тағзым етсем бе екен Тәңірге!
***
Мұңым, менің! Ала қашты сені де,
Шағалалар шулап аспан төріне.
Алапестер шұңқыр қаза бастады,
Тастары бар тығып алған жеңіне.
***
Мұңым, менің! Серігімсің айнымас,
Мұңды ұқпаған кісі боп та жарымас.
Бұл өмірде қилы-қилы "қызық" бар,
Мұңмен сырлас болмағанға дарымас.
***
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇