Өлеңдер ✍️
ТӨРТТАҒАНДАР (32)
Табиғаттың бір еркесі гүл деген,
Оны ескермей кетіппін-ау мүлде мен. -
Сол сұлудың сайраны да сайран-ақ,
Бір күннен соң өлетінін білмеген.
***
Бөрі ұлиды, әу бастан-ақ үрмейді,
Айға қарап жаратқанды тілдейді.
Өмір сүрсе адам бөрі миымен,
Қатын зарлап, бала еңіреп жүрмейді!
***
Ештеңе жоқ сыйластықтан өтетін,
Сынып қалып... тастап кетті бекетін.
Досым еді жанып тұрған жаны ізгі,
Ақ қағазға жорғалап-ақ кететін.
***
Мейлі, айтсын, десін әркім әр қалай,
Қайран жұртты ұмытайын мен қалай?!.--
Теле атты мұқым түркі атасын,
Мекен еткен өр Алтайды жанға жай.
***
Өмір ғажап! Жан саулығын көздейді,
Өз еркімен ешкім одан безбейді.
Қанқасапта жан берісіп, жан алған,
Ажал иісін тек батырлар сезбейді.
***
Күндері бос өткенді өмір сүймейді,
Талпынтады, жетелейді, сүйрейді...
Ал, оған да көнбес болсаң, қабақ бас,
Барлық ісің кері кетіп күйрейді.
***
Ешкім қарсы тұра алмайды ажалға,
Зат емес ол іліп қойған базарға.
Оқтын-оқтын болса дағы барып қайт,
Амандасып шын мекенің - мазарға.
***
Баста жылан ысқырады айыр тіл,
Айыр тілге мүмкін болса қайыр қыл.
Салтанатпен сол шығады алдыңнан,
Бақи жақта сарбаздары дайын тұр.
***
Кез келгенге демейсің ғой ары жүр,
Ол да адам, сеніменен қаны бір.
Ал, иттердің жотасына тікқұлақ,
Жарғыш байла, тезек байла - бәрібір!
***
Аяқ сынған... жоқ бойында өзге мін,
Паш етіп сол қиындықты көргенін.
Біздің үйге өзі келді жезкиік,
Жәрдем сұрап, мөлдіретіп көздерін.
***
- Сыра ішейік үнсіздіктен жалықтым...
... Кеттім білем, сірә, естен танып тым.
Тостағанды тық еткізді көк кептер:
- "Ей, нақұрыс, мен де сендей халықпын!.. ".
***
Жүрегімді көрші менің парақтап,
Түгі болса қою керек тарақтап.
Кеше ғана сезімсіз бір шүйкебас,
Кетіп еді аямастан шабақтап.
***
Жолға шықтым саған алып баратын,
Ұшар едім, әттең, жоқ қой қанатым.
Менен бұрын жетпекші ме, жылдамдау,
Сыртылдайды кеудемдегі сағатым.
***
Өлең шіркін, үлкен қару соғыста,
Сарбаздарға дем беретін оқыста.
Жаудың қара қанын толғай сімірген,
Қаруларды тастамаңдар қоқысқа!
***
Өзі өлерде шақырып ап қатарын,
Есет батыр: "- депті, - мені жерлеңдер,
аяғымды батыс тұсқа қаратып,
табаныммен жауды тіреп жатайын!".
***
Шыршалардың кекіл-шашы жаңарып,
Қалар ма екен жаңбыр бүркіп таралып.
Бір уыс бұлт талаураған бүйректей,
Тау басына тұра қапты қабарып.
***
Қып-қызыл жел шашын жайып шыққасын,
Қызылқұмда күй тартады бұрқасын.
Көкжиекке күн де шөгіп барады,
Кәрі атандай қанға малған шудасын.
***
Сахарада жоқ-ау деймін аса бақ,
Бұйра құмды қарт сексеуіл тасалап.
Көзін сүзіп қарай-қарай артына,
Бозінген бұлт тауға кетті бошалап.
***
Қайран уақыт - жүзден кеткен жамалы,
Қарт абыздың жаны неге жаралы. -
Өлең-құсы жарып шыққан кеудесін,
Ай астында... қайда кетіп барады?
***
- Кім біледі, мына заман қай заман?
- Қорқыт заман, қобыз заман зар заман!
Миы молақ өз басы емес, ел жайын,
Өзге баспен ойлайтұғын қор заман!
***
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇