Өлеңдер ✍️

  15.06.2026
  6


Автор: Оралбек Бек

Төрттағандар (21)

 


Ой толға, бол әрқашан қозғалыста,
Қолыңды көңіл жетпес созба алысқа.
Бұл өмір көз алдыңда қашқан киік,
Бұлдырап тоқтамайтын жаз ба, қыс па.
***
Маңынан айналып өт жамандардың,
Өз еркі өзінде жоқ надандардың.
Әумесер ақыннан қаш, бұлтқа мініп,
Іздеген көктен адам, қоғам нарқын.
***
Бір бөлек жақсы көру, сүю бөлек,
Сөз парқын сүю үшін түю керек.
Дарақтың жапырағын күн қақтаса,
Болады жемісінің шырыны ерек!
***
Ақылдың маңызынан көбігі көп,
Ешкімді жыға алмайсың сөгіп, іреп.
Айт, айтпа, бұл күндері жер бетінде,
Қасқалар көбейді ғой өлі жүрек...
***
Қу тағдыр жүнжітпеген, жүдетпеген,
Байқасаң бұл жалғаннан кім өтпеген.
Түбінде не жатқанын кім біледі,
Ағын су тең емес қой шүңетпенен.
***
Діңі бар білген жанға өте қатты,
Кім айтты мәңгілік деп махаббатты.
Құрғамас көздің жасы мұңды өлкеден,
Айтшы сен, көрдің қандай шапағатты.
***
Байлық па, алтын, құлақ, білектегі,
Кетіпті мұрның көкті тіреп тегі.
Бүгінгі көзқарасың қандай суық,
Кешегі жылу қайда жүректегі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу