Өлеңдер ✍️
Төрттағандар 20
1.Арша иісі
Қызылиек көк аспан шытынап тұр,
Мінезіндей қаталдау ақсақалдың.
Таулы жердің шытырлақ қысы ұнап тұр,
Бұрқыратқан иісін арша талдың.
***
2.Жүрексіз іс бітпейді
Ұша алмайсың алысқа жүгіңді алып,
Болғанымен арқаңда жүз қанатың.
Жүрек керек, отсыз да күйіп-жанып,
Борансыз да тоңатын, мұз болатын.
***
3.Жантақ та гүл атады
Аман болсын қазақтың құба таңы,
Бітпейтін іс иесін жылатады.
Ғайып болып кетпесін бастағы бақ,
Тікені бар жантақ та гүл атады.
***
4.Ашық тонау
Сізге бағыт біздің ес бере алмай тұр,
Бізге бағыт сіздің ес бере алмай тұр.
Қотаныңды "дүректер" тік қопарып,
Отаныңның шамасы келе алмай тұр!
***
5.Халық көтерілсе
Үгіт жасап теріс дін - ағымдар сақ,
Сүмеңдейді ішінде қалың "қарсақ".
Қаһарына бір мінсе "әруақ!' деп,
Нөпір халық кетеді-ау бәрін жамсап...
***
6.Есіктер мен жантықтар
"Шоқындыдан" ешкім шөп сұрамайды,
Төрде отырған көрдің бе, кіл "Абайды".
Қолтығына дем бүркіп кету үшін,
Есігінен "жантықтар" сығалайды...
***
7.Сақтық
Жаңа туған салыңқы ай қабағы,
Қайда кеткен көркіне сай жамалы!
Қырау бүркіп қасқа қыс келіп қалды,
Қырға... шығып кетпесін тай, жабағы.
***
8.Қазақы қалып
Дархан қазақ ер кезде-ақ, бай болыпты,
Бір біріне көршілер сай қоныпты.
Шыға қалса бір жаққа есігіне,
Құлып салып кетуді ар көріпті.
***
9.Кедейлік
Бір кездері бұл қазақ кедей бопты,
Жұмыс таппай, көріпті көрер кепті...
Кейде мақтап құдайын, кейде даттап,
Шын бар болса, бір кәсіп берер депті.
***
10.Қазақ ақыны
Бұл қазақтың бәрі де ақын болған,
Ақындықтан басына ақыл қонған...
Құлағына "жыртылдан" тамшы тамса,
Күнге ұшып кетуге жақын қалған!..
***
11.Құстай өмір
Қайран уақыт, қайран күн, қайран жылдар,
Есті адамдар! Несіне ойландыңдар?
Өтті, кетті бұл өмір ұшқан құстай,
Қанаттыны тұсаулап қойған кім бар...
***
12.Көктем әсері
Екі аттасаң көктем де қалар келіп,
Жатыр жауған қарың да табанда еріп.
Қар астынан қылтиып гүл көрінсе
Оянбайды бойдағы қалай желік...
***
13.Жүрек демі
Жаңалықты айта бер, қане не бар.
Бірауыз сөз таптың ба сабақ алар.
Қима қасы жүн болған әйелдерге,
Әлі жүр ме ілесіп ала қанар?..
***
14.Жүрек тамыры
Өзіңе де мәлім ғой менің жайым,
Тастап жібер тамызық - тамырлайын...
Домбыраның үніндей дірілдетіп,
Не десең де жүреккке қабылдайын.
***
15.Таңғы шапақ
Жаз көркіңді жаныма желкен еттің,
Уәделі сағатта мен де жеттім.
...Жұрдай болған ұяттан таңғы шапақ,
Терезеден сығалап еркелеп тұр...
***
16.Ішікте ой болмайды
Болса дағы бәрінен таныс жақсы,
Суқаным бар сүймейтін жабысқақты.
Иығында болғанмен жағалы ішік,
Ой бағудан кейбір дос қалыс қапты...
***
17.Айтпайтын жоқтық
Адамдардың кетті ме талғамы өсіп,
Бұл күнде ешкім тұрмайды арман есіп.
Бәрінен де жаманы - сырласпайды,
Абысындар, келіндер қалжа жесіп...
***
18.Кәсіп
Өзі кедей болса да ашық қолды,
Жақсылардың көңілі асып толды.
Болғаныңды көре алмас кержақтарға,
Өтірік сөз - кәдімгі кәсіп болды.
***
19.Кең әрі тар дүние
Кең дүниенің шек қойып тарлығына,
Періште ме ең шомылған ай нұрына.
Қолы жетпей, жүретін сөзі де өтпей,
Мен секілді не дерсің қайғылыға...
***
20.Құпиясыз көңіл
Жарасқандай тұлпарға өмілдірік.
Қандай жақсы қауышқан көңіл күліп.
Тұрсаң сосын баса алмай ентігіңді,
Көкіректен мұңыңды төгілдіріп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇