Өлеңдер ✍️

  15.06.2026
  15


Автор: Оралбек Бек

Төрттағандар 17

 


Секілді бір мазмұны салқын дастан,
Жайттар да бар кететін айтылмастан.
Анау жақсы дейтіндей мынау жаман,
Ешкімге опа бермейді арпылдасқан.


***
Тыңдай берсең әркімнің дабырасын,
Соқпағыңнан жүретін жаңыласың.
Қар жауғызған досыңа бұлт жоқ жерде,
Айта беріп сырыңды неғыласың?!.


***
Адамдардың не болған сау басына,
Жүгіргендей құлама жарға асыға...
Бірі бұғып, өлермен бірі зытып,
Кезек мініп қылмыстың арбасына.


***
Пақыр отыр таң қалып тәубасына,
Тәубасының бір түйір қалжасына.
Көп керек пе бүгінгі пенделердің,
Көрге кірген кездегі шаруасына...


***
Не десең де қара жер жейді бәрін,
Керек те емес ешкімге ай-құлағың!
Жерден бұрын жем етті құмыра өңеш,
Қара мешіт бай түгіл жарлы малын.


***
Көргені бар, ойы бар, басы жұмыр,
Кейбіреулер өлуге асығып жүр.
Етті білем шайтаншыл уағыздар,
Бұл қоғамның кәрісі, жасын ығыр.


***
Неге бәрі... дей берме қырын кеткен,
Мәйін сөзді, алады жырынды еппен...
Қай кезде де алаңкөз артта қалып
Жағымпаздар мәреге бұрын жеткен...


***
Шалқаю да "өнерлі" кісіге тән,
Қалай деме, оны енді... түсіне сал.
Тесік қалта мырзаны дәл танисың,
Ретін тауып үңілсең ішіне сәл...


***
Тауға өрмелеп ай шықты, түн қабағы,
жадырады, шыршалар ырғалады.
Жалт-жұлт етіп жапырақ-сырғалары,
Жүрек тұсты әлдене... тырналады.


***
Сатты мені, бәрі де таң қалдырып,
Баладай бір тастаған алдандырып.
Әйпесе сол, кезінде мен емес пе ем,
Өлеңіммен иттікке салған бүлік.


***
Тықылдайды уақыт жанды мүжіп,
Сағат тілі жылжымай... Жалғыз үміт -
сағым болып күткені ол да кетті,
Тұманды ойға басты орап қалды жігіт.


***
Өткені емес, өмірдің алды қызық,
Саусағымен сүйріктей қарды сызып:
Ақұлпаға бойжеткен жазды екі есім -
Жүрегінен тарқатып жанды жүзік!


***
Емес бұл бір жаңалық - тосын қайғы,
Шын сүйгендер ешқашан қосылмайды.
Дәл осылай болмаса айтпас ешкім,
Махаббат деп аталған жасын жайлы!..


***
Қараңғылық өлтірді мына мені,
Жалған шіркін не деген сынақ еді.
Бәрін тастап бір жаққа кетер едім,
Босағаңды ит жалап, жын өреді...


***
Қаншалықты білмейсің бағаң барын,
Соны сұрап ай, күнге алаңдадым.
Жақсы көрген о, менің адамдарым,
Біліп жүрші артта бір қараң барын.


***
Көңіл күйдің айтсам деп қирағанын,
Мұңым аздай, мұңыма шер жамадым.
Өмір-сапар! Ғайыптан тайып кетсем,
Ақ көгершін жеткізер бір хабарын.


***
Бұл өмірден әспеттеп жиған малым -
Көз майымды ұрттаған шимайларым.
Тар кеудемді тепкілеп өлең болды,
Сахараны сыңсытқан құмнан қалың!


***
Үңіле біл тағдырдың тереңіне,
Бар-жоғына қарама көлеміне.
Арасында жатады алтын асық,
Күн туса сеп болатын өзегіңе.


***
Кейбіреу мәз ішкені- жегеніне,
Біреулер мәз біреуге дегеніне...
Айда әкпішпен су тасып жүрген қалқа,
Сол азапқа, қайтеді, төзеді де!..


***
Қиындықсыз өмірің өмір емес,
Сырқыраусыз аяқты жегі жемес.
Шаршап келіп тулаққа құлағанда,
Терезеңнен төнбейді тегін елес...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу