Өлеңдер ✍️
Төрттағандар 15.
Арса-арса жарқабақ анау тұрған,
Бұл тастақ жер кезінде өзен болған.
Секілді екен қураған жаман құман,
Мына бұлақ қалған бір замандардан.
***
Жайлау қайда? Жайлау жоқ - көзден ұшқан,
Төрт түлікті жын-шайтан құйын қуып.
Көлеңке де қалмапты нар-қамыстан,
Көл орнында борсыған, жуынды ұйып?..
***
Толқып шалқып жайқалып жасыл шөбі,
Жусан иіс жұпары мұрын жарып.
Дархан дала ән салып жатушы еді,
Бәрін жайпап кетіпті-ау, шұбырған "ит"...
***
Жалындаған сыр бар-ау, тегі ішіңде,
Жүрсіңдер ме келмей бір келісімге...
Қайта-қайта ауылды айта бердің,
Бие мүлгіп тұратын желісінде...
***
Бәлкім мұны жаза алмас басқа дарын,
Улап-шулап өрістен қайтты малдар.
Батқан күннің қып-қызыл отты алауын,
Қызықтайды биіктен тек қырандар.
***
Қайда кеткен дауылпаз текті ұрандар,
Төбе түгіл тауларды көшіретін.
Еңбекші елге ес болған есті жандар,
Кезің келді сөз сөйлеп есілетін...
***
Бөкен қалды қырылып дала кезген,
Таныс еді көздері бала кезден.
Ауыл иісін сезбеген сорлыларға,
Қалай жетсін бұл сезім қара сөзбен.
***
Жүріп жатқан әйтеуір есен-аман,
Кепесінен басқаға бұрылмаған.
Үкіметке керегі есек-адам,
Көлеңке іздеп маңқиған, шыбындаған.
***
Ауыл үсті дүбірлеп көш өткендей,
Жүріңдерші сыбырлап өсек термей.
Тағдыр мынау... өзені аласұрған,
Өткелінен өтпессің кезек келмей.
***
Кемесінде жүр едім өнер жайдың,
Тәуір бір іс бастасам сөнер қайғым.
Қалаңыздың көк түтін мың күніне,
Ауылымның бір кешін бере алмаймын.
***
Десе жастар: "Қазақтың баласымын!",
Мақтанышпен, жазар ем дала сыйын. -
Сирақтары шалынып желініне,
Қайтар еді өрістен мама сиыр.
***
Бәрі кетті-ау, қор болып, қолды болып,
БАҚ-тардағы шошисың санды көріп.
Сенгіш қазақ не білсін санасына,
Саясаттың жатқанын сұмдық өріп...
***
Сыртқы жау ма, жеріңді майқандаған,
Ішкі жау ма, майқандап қайқаңдаған...
Жүз жылдық дау бұл деген, келешекке,
Нең қалды енді іргесі шалқаймаған...
***
Байғыз атты "көріпкел" құс болады,
Тышқан аулап тырнағы ұшталады.
Түніменен сұңқылдап бал ашады,
Күндіз ұйықтап - өмірден тыс қалады.
***
Ауыл-ауыл! Ауасы балды құрап,
Құлағыңда сылқылдап таңғы бұлақ.
Жалбыз иісі мұрныңды қытықтайды,
Жата алмайсың төсекте жұтып қайғы.
***
Ойлаппын ба кетер деп жастық өтіп,
Дүрсіліне жүректің от күретіп.
Көз алдымда ақсақал ақ таяқты, -
Өмір өтіп барады тық-тық етіп.
***
Мезгіл қандай... ауылға таң құлаған,
Сүт сауылған, шелектер салдыраған.
Кекілді тай күлдіреп қамыс құлақ
Жетім құлын көздері жаудыраған.
***
Сезім болмай ойдан сөз құралмайды,
Ақсақ киік шаппайды, бұлаңдайды.
Құлан жалды жүйріктер қиқу көрсе,
Бір орында тыпыршып тұра алмайды.
***
Көк шалғында бүктеліп тазы, құлын.
Сылдырлатып күрең тұр ауыздығын.
Шөп сырт етсе қайшылап құлақтарын
Күрт-күрт үзіп Қызбелдің ажырығын.
***
Тамаша жыр жайлаудың өн бойында,
Ең тәтті ән бар торғайдың таңдайында,
Қазына бар сыймайтын бір дастанға,
Ақиықтың күн сүйген маңдайында.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter