Өлеңдер ✍️

  12.06.2026
  6


Автор: Оралбек Бек

Төрттағандар 13

 


Сары бояу - күз де түсті, қайтты құс,
Абат бақты әнге бөлеп, шимайлап.
Мен де отырмын көргендей боп тәтті түс,
Таңғы шықта мөлт-мөлт еткен гүлді ойлап.


***
Көз ұшында бұлдырайды мүсінің,
Мүсініңе ойлы көзбен қарадым.
Осы екен ғой жүрегі бар кісінің,
Сағынышы - айтып болмас дара мұң.


***
Арманымның құстай қанат қаққаны-ай,
Тау басынан қол бұлғаған ай жаққа.
Бал сезімнен ұшпас енді от қалай,
Түнді жарып жұлдызы бар аймаққа...


***
Жүрегімнің құпиясын тыңдаттым,
Сертке серт деп, сен де құптап тіл қаттың.
Қараңғыны жауып тастап сәтте осы,
Жарық күнге шығайықшы қымбаттым.


***
Бәріңе де қараймыз ғой құрметпен,
Мадақтаймыз жақсы сөзбен тіл жеткен.
Есті кісі жаңаруды білмей ме,
О, қасқалар! Сылтау болды бұл неткен!


***
Еркіндік деп, болашақ деп бұлқындық,
Ентікпедік қызық үшін бір күндік.
Ішімізде ұран болды сондай бір,
Не де болса жақсылыққа ұмтылдық.


***
Қызбалықты тастадық та қоқысқа,
Тамшылатып сәуле құйдық санаға.
Қараңғылық қыр көрсетсе оқыста,
Білімдіден елші қойдық араға.


***
Тасқа басқан тарихы бар қашаннан,
Әр таңбасы елдікті аңсап қашалған.
Жұрт едік қой батырлығы бір төбе,
Тұлғасы бар сомдалмаған осалдан.


***
Бұлақ суы тастан тасқа секіріп,
Майда толқын шекесінде жылт ойнап.
Пыр-пырласа қызыл қанат кекілік,
Кеудемдегі бұлбұл құсым шырқайды-ақ!..


***
Дудыраған сәмбі талдар бұрымын,
Тарағыштап ерке самал ойнайды.
Шымырлаған ақбұлақтың тұнығын,
Сіміргенін күміс шабақ қоймайды.


***
Жоқтан барды жасаймын деп шаршама,
Көз құртыңды болмас іске жұмсама.
Жүрек қылын шертеді бұл табиғат,
Аспан тұстан жаңбыр болып жауса да.


***
Айта берсек бәрі Тәңір бұйрығы,
Саған, маған, оған берген сыйлығы.
Құрмет етіп табиғатты төгілтіп,
Сақтай білсең несібеңнің шүйгіні.


***
Құлағыңды түрме мейлі, түр мейлі,
Көз құртына басқа теңеу жүрмейді -
Жағадағы жасыл құрақ жас қыздай,
Ерке, бұлаң, майысады, гүлдейді.


***
Табиғаттың сырын білсең, асылы,
Ай сәулесі айдын көлдер ғашығы.
Толқындардың ерініне жабысып,
Жылт-жылт етіп түгелденген асығы.


***
Ақ айдында ақ шабақтар ойнайды,
Ай сәулесін қақшып жүрек жалғайды...
Сары сазан айға тосқан бауырын,
Алтын ұрпақ өрбітем деп ойлайды...


***
Көл бар жерде бәрінен де түн қызық,
Су перісі айға алаша сырғызып...
Қап-қара айдын арбағандай, жұлдыздар,
Бір бірлеп кеп қонар жерін жүр сызып.


***
Көл дегенің өмір екен қайнаған,
Іші, сырты - әнге толы айналаң.
Судың беті - тамырсыз гүл жайнаған,
Аспанында ғажап құстар сайраған.


***
Сылқ-сылқ етіп күліп қалды көл беті,
Айдынына шеңбер шашып дөңгелек.
Екен ол да шабақтардың міндеті,
Су астынан беріп кеткен бір дерек.


***
Табиғаттың сойы жатыр тауларда,
Баурайында сыңсып өскен бауларда.
Бар берекең бөктерлерде, көлдерде,
Төрт түлігің жусап жатқан жондарда.


***
Ақбас шыңдар, ол да сенің мақтаның,
Иығында мұздығы бар қап-қалың.
Қар суының көрер ме едің көктемде,
Төмен қарай сарқырап бір
аққанын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу