Өлеңдер ✍️
ТӨРТТАҒАНДАР 1/1
Ұлан дала үскіріктен тұншықты,
Үрген иттің тілі аязға қарылып.
Қара үлектің екі ұртынан жын шықты,
Ұрынарға қара таппай шабынып.
***
Қалды астында боран атты серінің,
Кеше ғана құсы шулап тұрған бақ,
Қотаныңды тінтеді аяз,
бөрінің,
Мұздай суық тұмсығындай сумаңдап.
***
Ғайып болды ақ шәлісін бүркеніп,
Белес-белес қыраттар мен төбелер.
Көк Тәңір тұр көкірегі күй төгіп,
Қыс әуенін жатыр тыңдап көне жер.
***
Бел астынан бір тіршілік білсем деп,
Мен де жортып, тау қолтығын тінтем кеп.
Ай шіркінің тоңып қалған арқардай,
Бұлт қалқасын паналап жүр бүрсеңдеп.
***
Уақытқа алғысыңды айт күрмексіз,
Қарт анаңдай тілек айтқан жол қарап.
Арқасына бар мініңді еш міндетсіз,
Алған жоқ па жүк демей-ақ, арқалап...
***
Жолға бағыт беретіндей бұл біздің,
Жүзін әбден суық сорған жұлдыз кім?
Бейнесі де есімде жоқ дәл қазір,
Ұмыт болған жамалы ма бір қыздың.
***
Жал-құйрығы сүңгі мұзға малынып,
Омыраулап тартады алға сәуірік.
Бүлкектейді ай астында көкбөрі,
Желке түгі күміс нұрға шағылып.
***
Адастырмай әкеледі-ау түнгі өкпек,
Дәл сондағы күйге қалай тіл жетпек.
Бұйра-бұйра демі ме екен арудың,
Жер бауырлап жүрген бұлттар дірдектеп.
***
Уа, дүние! Менен ессіз жан бар ма,
Мұңы басым таразыға салғанда.
Бүк түсіпті уайымсыз маскүнем,
Қорылдайды, арманда ғой, арманда...
***
Адам жаны тұнып бұрған бір жұмбақ,
Түлкілер жүр жорта күліп құнжыңдап.
Құлайтындай тегіс жерде тайғанап,
Біреу кетті жарық күнде ай қарап...
***
Айым дедің, күнім дедің - бәрі рас,
Ғашықтардың қай кезде де жаны жас!
Желпіп өткен таңғы самал секілді,
Асыл жандар тарықпас та, арымас.
***
Есің бар ма, ешкімге ши жүгіртпе,
Жел үп етсе шашылады түбіт те.
Қыз арманы - Ләйлі көркі, десек те,
Мәжнүн - өмір мақсат емес жігітке.
***
Қанатты құс биіктерді алады,
Мойындаңыз - кеңірдекті созбаңыз.
Жасандылық түптемейді сананы,
Қанатсызға қанат байлау - ол да аңыз!
***
Жүректің де өз байламы бар құпия,
Жан менен тән бірін бірі қыспаса.
Ешкімнің де басындағы тақия,
Тар келмейді баптап күтіп ұстаса.
***
Тақыл-тұқыл бұлдырап тұр бұл заман,
Құлдырап тұр пейіл шіркін тарылып.
Көне дуал секілді бір құздаған,
Желге өкпесін айтып өксіп шағынып...
***
Ыза буса түтіп жейді жаныңды,
Жау таппайсың мұндай әккі, дарынды...
Сарқа ішкен тәніңдегі қаныңды,
Жалмауыздан, қажет болса, ал үлгі.
***
Бәрі бос сөз: "мылқау жан ғой" дегеннің,
Оның дағы айта берер сыны бар!
Жөні бөлек соқыр менен кереңнің,
Ойсыздың да бірер шөкім мұңы бар.
***
Қиыспайды қатар жатқан қос өзен,
Бірі шалқып, бірі ағатын мамырлап.
Аспандағы ай мен күн де осы екен,
Бірі күндіз, бірі түнде жабырқап.
***
Қайшыланса "көк есектің" құлағы,
Өсекшінің қызыл тілі гүлдейді.
Мұндай гүлдер өтіріктің сыңары,
Екендігін көп қасқалар білмейді...
***
Оралбек 'Бек
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇