Өлеңдер ✍️

  10.06.2026
  49


Автор: Оралбек Бек

ҚАЖЫР

 


Көп күттірген үмітімнен кірпі шықты тікенді,
Ит-құстарға бәрін аттым, қолқасына құрт...енді.
Жалғыз жортқан жолаушының "шаңы" әрине, болмайды...
Бетке алған... атар таңның хабаршысы - Үркерді.


Сара мұңның толғағы бар, әлдеқашан білгенмін,
Дана жырдың сүйегін де босағама ілгенмін.
Сыртым жұлым көрінгенмен,
кеудем бүтін қарағым,
Ізін басып жүре алмайтын сайқымазақ - күлмеңнің.


Жоғалтпасын деп ешқашан туған жердің жұрынын,
Атаң Қазақ ашып қойған бөрі мінез тығынын.
Азаматтың жүрегінде шырақ болу міндетті,
Шашып тұрған жан жағына жалын атқан жарығын.


Қуарғаннан құн сұраған кісілікке жатпайды,
Қуыс кеуде қай кезде де ар-намыстан аттайды...
Қарап тұрсаң бұл дүниеде ештеңе жоқ мәңгілік,
Иттер ғана өз иесін, қоналқасын сатпайды!


Түсінбейсің кейбіреудің неге сонша суығын,
Суалғандай таудан аққан мөлдір бұлақ - тұнығың.
Жалғыздықпен жұлқысқанда туады екен небір ой,
Мүлгіп кетсем жанарыңда, жас болмасын құлыным.


Саусақ та жоқ домбыраны күңіренте шертетін,
Мең-зең еткен шанақ шаңын көкіректен серпетін.
Жүрек деген маңыраған жетім лақ демегін,
Адам болсаң адам жайын ойлай берме келте тым.


Сағына біл, сағыныштың жоқ ешқандай өлшемі,
Болса егер сенде құйттай сезімнің бір бөлшегі.
Жүзіңде нұр, лаулап тұрса көзіңдегі махаббат,
Ала алмайды жаусыраған, ешқандай да қол сені.


Болашаққа жол тартатын - қасқа жолдың айдары,
Жалғыздық та қабір емес айта берер қайдағы.
Тек қана сол көмілмеші қара жерге тірідей,
Сыздаудың да оянатын айбары бар, айбары!


Мәңгілік түн! Мәңгілік таң! Ешқашанда болмайды!
Түн кетеді, таң атады! Өмір гүлі солмайды!
Тәрбиелі алақаннан ұшып шыққан ұландар,
Әлі талай мыңжылдықты мыңжылдыққа жалғайды!


Уыз білек қыз, келіншек айналысып текті іспен,
Тіріледі қара қазан жұртта қалған, бүк түскен.
Қариялар шынтақтайды Ұлы Дала төсіне,
Мұзбалақтар күзетеді қара ниет сырт күштен!


ОРАЛБЕК 'БЕК




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу