Өлеңдер ✍️
ҚЫЖЫЛ
Жалғыздықтың күйін кешу оңай емес, қарағым,
Бұның өзі саяққа тән айтылмайтын дара мұң!
Жұртта қалған қара қазан секілді бір бүк түскен,
Кеуде шіркін сыздайды ғой ойығындай жараның.
Үңірейген түнек түн де көкіректі мүжиді,
Қайда қоям өзектегі запыран мен қыжылды.
Бір-ақ ауыз жылы сөзді кім бар маған айтатын,
Бұл адамдар біле ме өзі, қисық пенен түзуді.
Қаңғыған жел есік қағып миды шақты тарсылы,
Ұнамай тұр аспандағы жетім қаздың қаңқылы.
Жезтырнақ құз! Сен де мені аяғансып тұрсың ба?
Көрмей-ақ қой көзімдегі тасқа тамған тамшыны.
Сен түгілі, қазіргі күн, өзіме өзім жатпын мен,
Қодар-қайғы қабырғамды қақыратып қақ тілген.
Қайда барам иесі жоқ көлеңкедей қалпыммен,
Құлағым да есітпейді иттің даусын қатты үрген...
Бастың іші төңкерілген тоғыз баллдық сілкініс,
Қабат-қабат жаңғырығы таппайтын еш іркіліс.
Топырақта қалып қойды-ау әп-әдемі мұңдарым,
Айналамның бәрін алды қопарылыс, жыртылыс...
Шыңғырып та жатырмын ғой, үнім неге шықпайды,
Өмір құштар адамдар ше, олар неге ұйықтайды!
Бір білгенім сұр көктегі ай мен күннің тағдырын,
Жүзін жапқан мылқау бейне бұлттар ғана ұқпайды!
Оралбек 'Бек
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter