Өлеңдер ✍️

  08.06.2026
  9


Автор: Зейнолла Әкімжанов

Теріскейім

 


Қазақты сүйсемдағы тегіс, бейім,
Өзіме өзгешесің Теріскейім!
Туған жер қасиетін қадірлемей,
Қалайша тәңір ісін теріс дейін.


Көтерер азамат боп туды арысың,
Бойыма қасиетің шын дарысын.
Өзгенің өң-жүзіне шіркеу емес,
Теріскей, қадірлісің туған үшін.


Жүрегім сен барында орнығулы,
Теріскей, нағыз сенде төр бүгінгі.
Алдым мен жазираңнан кеңдігіңді,
Алдым мен ақ қайыңнан өрлігіңді.


Тұлғаңа тәнті болып тап бүгінгі,
Айтамын ел алдында нақты үнімді.
Алдым мен көк беліңнен келбетіңді,
Алдым мен көктеміңнен пәктігіңді.


Болады сүйінішпен мақтануға,
Туған жер қасиетіне тартқан ұлға.
Кірбеңсіз жүрегіңнің ақтығы бар
Теріскей, кіршігі жоқ ақ қарыңда.


Сырласып балғын үнді көктеміңмен,
Бір ғашық сезім таптым көк көліңнен.
Алыста астаналар шақырса да
Аттап бір босағаңды кетпедім мен.


Жақсылық, ізгілікке жүгініп мың,
Жүрегін жандарыңның ұғыныппын.
Жаны нұр жайсаңдардан тау көтерген
Қайнарын тауып алдым ұлылықтың.


Қазақтың өлшеймін мен қай салмағын,
Айтудан ақиқатты тайсалмадым.
Алаштың асқарында аты жүрер
Теріскей, таусылмасын жайсаңдарың!


Бөліну, бөлшектеуді неге істейін,
Арысын алты Алаштың тегістейін.
Қазақтың қиырында таудай болған
Атыңнан айналайын, Теріскейім!


Зейнолла Әкімжанов




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу