Әңгімелер ✍️
Білім – арманға бастар жол
Айша шағын ауылда туып-өскен. Оның арманы – дәрігер болу еді. Бірақ ауылдық мектептің жағдайы нашар, кітапхана тек ескі оқулықтармен жабдықталған, ал компьютер тек информатика кабинетінде ғана бар.Көпшілік "Айша, сенің арманың тым үлкен,қолыңнан келмейді"деп айтып, тоқтатқысы келетін . Бірақ Айша бұл сөздерді құлағына да ілмеді. Керісінше, ол өзінің арманына тік қарап , қол жеткізуге деген талпынысын арттырды.
Күн сайын мектептен кейін Айша кітап оқиды. Көршісінің ескі сөздігін, интернеттен табылған материалдарды пайдаланып, өз бетінше есептер шығарады. Оның ең сүйікті уақыты – түнгі сағат 11-ден кейінгі сәттер. Үй іші жым-жырт ұйқыға кетеді, ал Айша өз арманымен "тілдеседі".
Алайда қиындықтар да аз емес еді. Кейде материал жетіспейді, кейде ұйқысы келіп, шаршап жатып қалады. Осылайша уақыттар зымырап өтіп жатады.
Бір күні мектепке жаңа мұғалім келді – Жанболат Әбубәкірұлы. Ол оқушыларға тек білім беріп қана қоймай, армандарын шындыққа айналдыруға көмектесетін. Айшаға ол ерекше көңіл бөледі, өйткені мұғалім оның таланты мен еңбекқорлығын бағалайтын.
— Айша, сен тек арманмен шектелмеуің керек. Білім – сол арманға жетудің ең негізгі жолы. Көп оқы, ізден, сұрақ қойудан қорықпа, — деді Жанболат Әбубәкірұлы.
Бұл сөздер Айшаның өміріне жаңа екпін берді. Сол сәттен бастап ол білімін одан әрі тереңдетуге бекінді. Математикадан қосымша кітап оқыды, биология мен химиядан тәжірибелер жасап көрді. Интернет арқылы әлемдік олимпиадаларға қатысып, сертификаттар жинады.
Кейде достары ойынға шығып, көңіл көтеріп жатқанда Айша үйде кітап оқып, тәжірибе жасап отыратын. Бірақ ол бұл әрекетін ешқашан бос тыраштану деп санамады, себебі әрбір оқыған парағы оны арманға бір қадам жақындатып тұрды.
Уақыт өте келе Айша Астана қаласына грантпен оқуға түсті. Оқу орнының алғашқы күнінен-ақ ол өз білімінің нәтижесін көрсетті.Әртүрлі жобалардан жүлделі орындарға ие болып, профессорлар мен курстастардың мақтау сөзіне бөленді. Айша түсінді: білім – тек сабақ оқу емес, арманға жету жолындағы ең басты күш.
Бірнеше жыл өткен соң Айша ауылға келді. Енді ол – дәрігер, өз мамандығына шын берілген.Ауылдағы сырқат адамдарға көмектесіп жүр. Оны көрген мектеп оқушылары таңырқап:
— Айша, сен осындай жетістікке қалай қол жеткіздің? - деп сұрады.
— Білім мен еңбек арқылы, арманым шындыққа айналды. Осыны сіздерге де дәріптеймін. Бос армандау,құр сандырақ . Орындалуы үшін көп оқу керек — деп жауап берді Айша.
Осылайша Айша тек өз арманын ғана емес, ауылдағы балаларға үлгі боларлық тарих қалдырды. Білім – ол күш, өмірлік азық, ол әр адамның өз арманына жету мүмкіндігі еді.
Батырханова Назерке Ертайқызы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇