Өлеңдер ✍️
Мінез
Сүтпен кірген мінез кетсе сүйекке,
Раббым Алла қарап берер ниетке.
Биігімді аласартпай өлемін,
Билет, орден, даңқты маған сый етпе.
Жанашырлар жүрмесе де жанымда,
Ардан төмен көрем елдің ханын да.
Нардың жүгін өзім жалғыз көтерем.
Нар мінезім болғандықтан қанымда.
Ардағым-ай, кетпей жатыр кімде есем,
Намысымның жалынымен тілдесем.
Тегім жылқы мінезді боп тұрған соң,
Бірде түлеп, бірде жүдеп күн кешем.
Жау табамын Құдайдың құтты күнінде,
Шықпай қалған емес асқақ үнім де.
Мінезім тік, сыйдыртпаған жер-көкке,
Осы боп тұр кем тұсым да, мінім де.
Мінезімді көрсеткен соң нашармын,
Сол арқылы көптің көзін ашармын.
Ешқашан да көрсетпеген мінезін
Өзімшілдер маңайына шашар мұң.
Иттер өсу, даму жолын тауыпты.
Ит тірлікке заман көші ауыпты.
Мінезі бар адам елге пайдалы,
Мінезі жоқ адам елге қауіпті.
Жуас болсам, кім қорғайды жұртыңды?
Қою қажет бізге қылтың-сылтыңды.
Жаман қылып көрсетсе де өзімді,
Мінез ғана сақтап қалар ұлтыңды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇